Cемей-5°С
Ауа-райы
  • Абай-16°С
  • Аягөз-24°С
  • Ақсуат-14°С
  • Бородулиха-15°С
  • Қалбатау-17°С
  • Курчатов-18°С
  • Көкпекті-15°С
  • Үржар-12°С
496 588.01 6.42

Абай облысы әкімдігінде кеңейтілген аппараттық кеңес өтті

Бүгін, 11:43 Думан Кенжеғазыұлы

Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен кеңейтілген аппараттық кеңес өтті. Жиында 2025 жылғы мемлекеттік қызмет көрсету қорытындылары, тұрмыстық қатты қалдықтар полигондарын салу және өңірде жастар саясатын іске асыру мәселелері қаралды. Кеңеске облыстық басқарма басшылары, өңірлік департамент жетекшілері қатысты. Аудан және қала әкімдері бейнережимде қосылды.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Ербол Алшынбай, Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Марат Теміржанов және Жастар саясаты мәселелерi жөніндегі басқармасының басшысы Олжас Бейсенбаев баяндады.

2025 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік қызмет көрсету сапасының жедел бағалау көрсеткіші 91,32 балды құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 3,98 балға артты. Есепті кезеңде 8,7 млн мемлекеттік қызмет көрсетіліп, оның 99%-ы электрондық форматта ұсынылды. Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдерін бұзу фактілері 30-дан 10-ға дейін қысқарды. Жалпы алғанда, 2025 жылы мемлекеттік қызмет көрсету сапасы бойынша тұрақты оң динамика қамтамасыз етілді.

Аймақ басшысы жиында басқармалар мен аудан, қала әкімдіктеріне мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдерінің бұзылуына жол бермеуді қатаң бақылауға алуды, заңда қарастырылмаған негіздер бойынша қызмет көрсетуден бас тарту фактілерін жоюды, арыз-шағымдарды сапалы қарауды тапсырды.

Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, облыс бойынша Семей, Курчатов қалаларында, Қарауыл, Аягөз, Шар және Қалбатау елді мекендерінде экологиялық талаптарға сай қатты тұрмыстық қалдықтар полигондары жұмыс істейді. Сондай-ақ, 170 елді мекенде қалдықтарды уақытша жинақтауға рұқсат берілген. Семей қаласындағы қолданыстағы полигон 1980 жылдан бері қызмет етуде. Қазіргі таңда онда 4,6 млн тонна қалдық жинақталған. Осыған байланысты жаңа заманауи полигон салу жобасы әзірленіп, Жол картасы әзірленді. Былтыр облыс әкімдігі мен Түркияның «Makimsan» компаниясы арасында өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Аталған меморандумға сәйкес компания полигон құрылыс алаңында құрылыс-монтаж жұмыстарына дайындық жұмыстарын жүргізуде. Жалпы, облыс аумағында қатты тұрмыстық қалдықтар инфрақұрылымын жаңғырту және заңдастыру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.

Облыс әкімі жаңа полигондар салу, қолданыстағыларды жаңғырту және заңсыз қоқыс орындарын жою бойынша нақты тапсырма берді. Жауапты органдарға экологиялық талаптарды сақтай отырып, қалдықтарды басқару инфрақұрылымын жүйелі түрде дамытуды жүктеді.

«Өңірде қолданыстағы полигондардың бірқатары экологиялық және санитарлық талаптарға толық сәйкес келмейді, сондай-ақ, рұқсат етілмеген қоқыс орындарының болуы қалдықтарды басқару жүйесінің жеткіліксіздігін көрсетеді. Бұл өз кезегінде қоршаған ортаға кері әсерін тигізіп, елді мекендердің санитарлық жағдайына және халықтың өмір сапасына теріс ықпал етіп отыр. Осыған байланысты заманауи талаптарға сай жаңа полигондар салу және қолданыстағыларын жаңғырту – еліміздің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің, өңірдің тұрақты дамуын және қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастырудағы маңызды міндеттердің бірі», – деді аймақ басшысы.

Өңірде 13 жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді. NEET санатындағы жастар үлесі 2,1%-дан 1,9%-ға дейін төмендеді. Жастарға арналған жеңілдетілген ипотека қайта іске қосылып, «Абай жастары» бағдарламасы аясында алғашқы қатысушылар іріктелді. Облыста 10698 жас жұмысқа орналастырылып, жастар тәжірибесі жоспары 103,6%-ға орындалды. «Бастау Бизнес», кәсіби оқыту, гранттық қаржыландыру тетіктері арқылы жүздеген жасқа қолдау көрсетілді. Былтыр «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша 103 несие беріліп, 315 жасқа көтерме жәрдемақы төленді.

«Күн тәртібіндегі мәселелер өңірдің мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыруға, экологиялық ахуалды жақсартуға және жастар саясатын тиімді іске асыруға бағытталған», – деді аймақ басшысы.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив