Қазақстан қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын арттыра түсті
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында экономиканы әртараптандыру жөніндегі одан арғы тәсілдер қаралды.
Өнімділікті арттырудың негізгі тәсілдері және өнеркәсіп нысандарын технологиялық жарақтандыру туралы ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, ҚР өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, ҚР ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев, «Бәйтерек» ҰИХ басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин, KazFoodProduckts компаниясының бас директоры Әлихан Талғатбек, шыны өндіретін OrdaGlass компаниясының өкілі Ғалымжан Қуатов баяндады.
Өз кезегінде ауыл шаруашылығы министрі ағымдағы ахуал туралы айтты. Оның айтуынша, Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласы тұрақты әрі серпінді даму бағытын көрсетуде. 2025 жылдың қорытындысы бойынша:
- тамақ өнімдерін өндіру көлемі 3,9 трлн теңгеге жетіп, 8,1%-ға өскен;
- негізгі капиталға инвестициялар 2 есеге артып, 389 млрд теңгеге жеткен;
- өткен жылдың 11 айында қайта өңделген өнім экспорты $3,2 млрд құрап, 33,8%-ға артқан.
Сонымен қатар, агроөнеркәсіптік кешені экспортындағы қайта өңделген өнімнің үлесі 52%-ды құрады.
«Бұның бәрі – өндірісті әртараптандыру мен қосылған құны жоғары өнімдерді ұлғайтуға бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі. Мәселен, егін шаруашылығы саласында егіс алқаптарын әлемдік нарықта сұранысқа ие әрі жоғары рентабельді дақылдарға көшу жүргізілуде. Бүгінде майлы дақылдар егін шаруашылығының табыстылық драйверіне айналды. 2025 жылы олардың өнімі алғаш рет 4,9 млн тоннаға жетіп, 48%-ға өсті. Оның ішінде: күнбағыс – 39%-ға, зығыр – 77%-ға, рапс – 2,2 есеге артты. Сонымен қатар, далалық жұмыстарды жүргізуге жылдық 5% ставкамен 12 айдан 15 айға дейінгі мерзімге жеңілдетілген кредиттер бөлінуде. Олардың қайтарымдылығы шамамен 99%-ды құрайды», — деді ол.
Келесі маңызды қадам – қайта өңдеу. Осы бағытта, май өңдеу зауыттарының қуатын кеңейту және технологиялық жаңғырту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. 2024–2025 жылдары 58 млрд теңгеге жалпы қуаты шамамен 1 млн тонна болатын 4 ірі жоба іске қосылды.
Сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысында инновациялық өнім — лецитин өндіру бойынша өндірістік желі пайдалануға берілді. Солтүстік Қазақстан облысында да биылғы жылы лецитин өндіру зауыты іске қосылатын болады. Сонымен қатар алдағы үш жылда 94 млрд теңгеге 13 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Осы шаралардың арқасында күнбағыс майының экспорты 600 мың тоннаға дейін жетіп, Қазақстан әлемдік май экспортында 8-орынға ие болды.
«Бұдан басқа, мысал ретінде жоғары сұранысқа ие өнімдердің бірі – жасымық екенін атап өткім келеді. Бұрын біз оны Түркияға шикізат ретінде экспорттап, оны қайта жарма түрінде жоғары бағамен сатып алатынбыз. Қазіргі уақытта Қостанай облысындағы Кайзен, Ақмола облысындағы Гаранти Экспорт және Анка груп, Абай облысындағы Агро Лидер кәсіпорындарының іске қосылуы нәтижесінде ішкі нарық толық қамтылып, бүгінде дайын өнім экспортталуда. Айта кету қажет, Қазақстан жасымық экспорты бойынша әлемде 6-орында және оны одан әрі дамытуда үлкен әлеуетке ие. Жалпы, ағымдағы жылы дәнді-бұршақты дақылдар бойынша 1 млн тонна көлемінде рекордтық өнім жиналып, 56%-ға өсті. Оған қоса, олар – топырақты азотпен байытатын, кейінгі дақылдардың өнімділігін арттыратын жақсы дақылдар. Осыған байланысты егіс алқаптарын әртараптандыру жалғастырылатын болады», — деді министр.
Бұдан бөлек, астықты терең өңдеу бағыты да дамуда. Қазіргі уақытта республикада глютен, биоэтанол және крахмал өндіретін 3 кәсіпорын жұмыс істейді, олардың жалпы қуаты 500 мың тоннадан асады. Алдағы үш жылда 1,9 трлн теңгеге 6 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Осы ретте шығарылатын өнім түрлері кеңейтіліп, глутамат, треонин, лейцин, лизин сияқты аминқышқылдарын өндіру жолға қойылады. Бұл жобалар Түркістан, Жамбыл, Ақмола, Қостанай облыстарында және Астана қаласында жүзеге асырылады.
Мал шаруашылығы өнімдеріне тоқталатын болсақ, бүгінгі таңда елімізде 210 ет өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді. Олардың қатарына «Қайып ата», «КазБиф», «Бижан», «Кублей» және «ЕМСи Агро» секілді толық өндірістік циклді кәсіпорындары кіреді. Яғни олар мал өсіруден бастап, қайта өңдеп, дайын өнім шығарады.
Қазір 41,2 млрд теңгеге 11 жоба жүзеге асырылуда. Қосымша 50 мың тонна қуат енгізілетін болады. Олардың ішінде ең ірілері – Абай облысындағы Евразия Агро Семей және Жамбыл облысындағы ТРЗ Агро компаниялары. Бұл жобалардың жүзеге асырылуы өнім түрлерін кеңейтуге, өңдеу кәсіпорындарының жүктемесін арттыруға және саланың экспорттық әлеуетін күшейтуге мүмкіндік береді.
Сүт өңдеу саласында тұрақты даму және өндірістік әлеуетті арттыру сақталуда. Қазір елде 180 өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді. 2025 жылы бірқатар ірі жобалар іске қосылды, олар:
- «Евразиан милк» 13 мың тонна қоюлатылған сүт өндіру кәсіпорны;
- КТ «Зенченко и К» 18,7 мың тонна сүт өнімдерін өндіру жобасы.
Сонымен қатар, 41 млрд теңгеге 12 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Олардың нәтижесінде қосымша 165 мың тонна өңдеу қуаты енгізіледі. Бұл жобалар ішкі нарықты сүт өнімдерінің кең ассортиментімен қамтамасыз етуге және экспортты кеңейтуге негіз қалыптастырады.
«Тері мен жүн өңдеу бойынша өндірістік қуаттарды кезең-кезеңімен қалпына келтіру және жаңғырту жүргізілуде. 2025 жылы ірі нысандар пайдалануға берілді. Олар – Ақтөбе қаласындағы жылына 2,2 мың тонна жүн өңдейтін «Казфелтек» жобасы, Ақмола облысындағы қуаттылығы 2,4 мың тонна болатын «Агро Протеин» азықтық қоспалар өндіру жобасы. Саланы одан әрі дамыту мақсатында 9,9 млрд теңгеге 8 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Олар қосымша 1,3 млн тонна өңдеу қуатын енгізетін болады. Осы жобалардың қатарында Тараз Желатин, ЭКО Клаб, Искефе Холдинг және КазЖелатин жобалары тері мен жанама өнімдерді терең өңдеуге бағытталған. Оларды жүзеге асыру тағамдық желатин мен жемдік қоспалар өндірісін ұлғайтуға, және шикізат шығынын азайтуға мүмкіндік береді», — деді министр.
Бұдан басқа, Қазақстанда дәстүрлі ауыл шаруашылығымен қатар агробизнестің жаңа бағыттары да дамып келеді. Атап айтсақ, ЭКО Глейд толық циклді заманауи саңырауқұлақ фермасы іске қосылды, оның инвестиция көлемі шамамен 11,3 млрд теңгені құрады. Кәсіпорын СЭЗ Қызылжар аумағында орналасқан. Жылына 2 400 тоннаға дейін шампиньон өсіріп-өңдейді. Бұл саңырауқұлақ өнімдері бойынша импортты айтарлықтай алмастыруға мүмкіндік береді.
«Жалпы, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес соңғы екі жылда агроөнеркәсіптік кешенінде жеңілдетілген несиелеу көлемі айтарлықтай көтерілді. Көптеген жобалар Солтүстік Қазақстан облысы тәжірибесін тарату бағдарламасы аясында басталып, жүзеге асырылды. Бұл бағдарлама өндірісті жаңғыртуға, автоматтандыруға және жасанды интеллект технологияларын енгізуге мүмкіндік беріп отыр. Сонымен бірге, бүгінгі күні фермерлер қаржыландыруды жылдың бастапқы кезеңінде бастауды көтеруде. Осыған байланысты облыс әкімдіктері импортты алмастыруға және экспорттық әлеуеті жоғары тиімді жобаларды қаржыландыруға басымдық беруі тиіс. Осы қабылданған жүйелі шаралар – қазірдің өзінде оң экономикалық нәтиже беруде», — деді ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.
Мысалы дайын тағам өнімдерінің экспорты орташа 3 есеге өскен. Сондай-ақ астықты терең өңдеу өнімдері, яғни биоэтанол, глютен және крахмал экспорты айтарлықтай көбейді. Бұл қосылған құны жоғары өнімдердің зор әлеуетін айқын көрсетеді.
Жалпы 2020 жылдан бері қайта өңделген өнім экспорты 3,2 есеге өсті. Биылғы жылы бұл көрсеткішті $3,9 млрд-қа жеткізу жоспарлануда. Осылайша, қабылданған жүйелі шаралар елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, қазақстандық агроөнеркәсіптік кешеннің сыртқы нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруда.