Cемей1°С
Ауа-райы
  • Абай-16°С
  • Аягөз-24°С
  • Ақсуат-14°С
  • Бородулиха-15°С
  • Қалбатау-17°С
  • Курчатов-18°С
  • Көкпекті-15°С
  • Үржар-12°С
489.99 580.25 6.38

Қазақстанда өңдеу өнеркәсібінде жаңа жобаларды іске қосу жоспарлануда, бұл өндіріс көлемін $7,3 млрд-қа жеткізеді

Бүгін, 14:22 Думан Кенжеғазыұлы

ҚР өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Үкімет отырысында республиканың өңдеу өнеркәсібінде іске асырылып жатқан негізгі жобалар туралы баяндады. Ол Мемлекет басшысының экономиканы әртараптандыру жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде Министрлік шикізатты терең өңдеуге және өндірістерді ішкі нарыққа бейімдеуге басымдық беріп, жүйелі жұмыс жүргізіп жатқанын хабарлады.

Министр жыл сайын өңдеу өнеркәсібі жоғары өсім қарқынын көрсетіп келе жатқанын атап өтті.

«2024 жылдан бастап сектордың үлесі тау-кен өндіру саласынан артып, секторлар арасындағы теңгерім өзгерді. Шикізатты ішкі нарықта өңдеу механизмі заң жүзінде бекітіліп, отандық тауар өндірушілер мен шикізат жеткізушілердің кооперациясы бастау алды. Осындай кооперциялардың айқын мысалы ретінде «Кайнар» аккумулятор зауытын келтіруге болады. Ол қорғасынды «Қазцинк» компаниясынан жеңілдікпен сатып алып, өндірілген аккумуляторларды ішкі нарыққа да, экспортқа да шығаруда. Сондай-ақ электротехникалық жабдықтар шығаратын отандық кәсіпорындар «Қазақмыс» пен «Қазақстан электролиз зауыты» өндіретін металдарды пайдаланады», — деді өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев.

Ведомство басшысының сөзінше «Qarmet» шығаратын  металлопрокат «Silk Road Electronics» кәсіпорнына тұрмыстық техника өндіру үшін, сондай-ақ вагон жасау кәсіпорындарына жеткізіліп, оларды қажетті шикізатпен қамтамасыз етеді. Одан бөлек металл өңдеуші кәсіпорындар мен кабель зауыттары арасында шикізат жеткізу жөнінде келісімдер жасалды. Қолайлы инвестициялық жағдайлар электротехникалық машина құрастыруды дамытуға ықпал етті. Мысалы, «Silk Road Electronics» және «Almaty turmystyq tehnika» зауыттарында өндіріс көлемі өсті. Өткен жылы «Silk Road Electronics» зауытында «Samsung» техникасы өндірісі іске қосылды. Қара металлургия саласында Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру аясында «Qarmet» комбинат қызметін қалпына келтіруге және болат өндірісін 5 млн тоннаға дейін ұлғайтуға бағытталған жаңғырту бағдарламасы жүзеге асыруда. Аталған модернизация бағдарламасы болатты терең өңдеуге жаңа серпін бермек. Бүгінде нарыққа әртүрлі болаттың көптеген маркалары жеткізілуде. Мәселен, «QazTehna» зауытында «Qarmet» комбинатында өндірілетін 08КП маркалы мырышталған болаттан автобустар кузовына арналған әртүрлі металл элементтері жасалады. Модернизация аясында болаттың жаңа маркаларын одан әрі игеру нарықтың жаңа сегменттеріне шығуға мүмкіндік береді. Мысалы, штамптауға арналған және жоғары берік болаттар автокомпоненттер өндірісін локализациялауға, ал атмосфера әсеріне төзімді және конструкциялық болат – теміржол вагондары, контейнерлер өндірісін кеңейтуге жағдай жасайды.

«Өткен жылы автомобиль өндірісі рекордтық өсім көрсетіп, машина жасау секторының 41,7%-ын құрады. Барлығы 171 мыңнан астам көлік түрлері шығарылды. Оның ішінде 159 мыңы – жеңіл автомобильдер. Алматы қаласында «Chery», «Haval», «Changan» брендтерін шығаратын мультибрендтік зауыт пен Қостанай қаласында «Kia Qazaqstan» зауыты сияқты 2 жаңа жоғары технологиялық өндіріс іске қосылды. Осындай зауыттардың іске қосылуы автокомпоненттер өндірісін локализациялауға серпін беріп отыр. Мысалы, өткен жылы Алматы индустриялық аймағында автокомпоненттер технопаркі іске қосылды. Онда автокөліктерге арналған мультимедиа жүйелері мен орындықтар өндіріледі. Саран қаласында «Tengri Tyres» зауытында автомобиль шиналары шығарылуда. Қостанайдағы «KamLitKZ» зауытында шойын құятын заманауи технологиялар мен автоматтандырылған жүйелерді пайдаланатын шойын құю өндірісі  іске қосылды. Сонымен қатар, «Allur» компаниясы автокомпоненттер өндірісін локализациялау орталығының құрылысына кірісті. Одан бөлек алдағы 3 жылда ­– жылыту және кондиционерлеу жүйелері, тежегіш, салон мен еденге арналған пластикалық бөлшектер сияқты  автокомпоненттерді локализациялау бойынша жаңа жобаларды іске қосу жоспарлануда», — деді өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев.  

Министрдің мәліметінше тұрақты оң динамика ауыл шаруашылығы машинасын жасау саласында да байқалуда. Жыл қорытындысы бойынша өсім 30,4%-ды құрады. Бүгінде отандық өндірушілер ішкі нарықтың 90 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Елімізде 12 брендтің тракторларын шығаратын он зауыт және жалпы қуаттылықтағы 35 мың ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын 20-дан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Өткен жылы John Deere американдық брендінің ауыл шаруашылығы техникасы шығарыла бастады. Сонымен қатар өткен жылдың қарашасында Мемлекет Басшысының АҚШ-қа сапары аясында John Deere-мен 3 мыңнан астам техника өндірісін локализациялау, сервис орталықтарын құру жөнінде стратегиялық келісімге қол қойылды. Осы жылы John Deere-ден кейін Еуропа мен Канададағы серіктес брендтердің де локализацияға қосылуы жоспарланып отыр.

Теміржол машинасын жасау саласында компоненттер мен дайын техниканы өндірушілердің бірлесу салдарынан кластерлену тенденциясы қалыптасуда. Мысалы, Екібастұзда дайын теміржол техникасын, комплектілер және басқа компоненттерді шығаратын кәсіпорындар кластері құрылды. Атырау облысында «ТексолТранс» компаниясы жылдық қуаты 6 мың жүк вагоны мен цистерна болатын өндірісті іске қосты. Сонымен қатар «ҚазТурбоРемонт»  кәсіпорынында локомотивтердің тіреуіш балкаларын өндіру басталды. Астанада жылына 100 жолаушы вагондарын шығаратын «Штадлер Қазақстан» зауыты жұмыс істеуде. Сонымен қатар салада полувагондарға, вагондарға арналған қосалқы бөлшектер мен ірі вагондық құйма өндірісін локализациялау бойынша жаңа жобалар жүзеге асырылуда.

Шыны өнеркәсібі кластер құру мен өндірісті әртараптандырудың айқын мысалы болып саналады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 17%-ға өсті. Саланың даму стратегиясы – ірі инвесторларды тартып, шағын және орта бизнес үшін тұрақты шикізат базасын құруға бағытталған. Қазірде «Orda Glass»-пен тікелей келісімдер арқасында айна, шыны-талшық және өте жұқа шыны шығаратын кәсіпорындар шикізатпен үздіксіз қамтамасыз етілуде. Сонымен қатар автомобиль терезесі, шыны ыдыс және жылу оқшаулағыш материалдарды өндіру сияқты жобалар тізімі анықталды, және оларға инвестор тарту жұмыстары жүргізілуде. Өндірісті әртараптандыруда әлеуеті жоғары бағыттардың бірі – сирек металдарды өндіру. Қазірде отандық өнім экспортқа шығарылады және әлемдік ірі өндірушілердің авиация, теңіз техникасы, электроника және электр көліктері өндірісінде қолданылады. Соңғы екі жылда отандық өндіріс ассортименті жаңа өнімдермен толықты. Мысалы, техникалық селен және жоғары таза марганец сульфатының моногидраты альтернативті энергетика саласында қолданылады.

«Ал осы жылы галлий шығаратын өндіріс іске қосылады. Өткен жылдың желтоқсанында Мемлекет басшысының Жапонияға сапары кезінде ERG мен Mitsubishi Corporation арасында аталған металлды жеткізу бойынша офтейк-келісімшартқа қол қойылды. Сонымен қатар жылына 2,4 мың тонна тазартылған сурьма өндірісін іске қосу жоспарлануда. Осылайша, еліміз металлургияның midstream сегментіндегі негізгі елдер қатарына кірді. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында өңдеу өнеркәсібінің одан әрі дамуын айқындайтын 17 ірі жоба таңдалды. Бұл ретте Министрлік 9 жоба бойынша жұмыс жүргізуде. Олардың 2-уі өткен жылы іске қосылды. Қалған жобалар бойынша жұмыстар жалғасуда. Барлық 9 жоба толық қуатқа шыққанда өндіріс көлемі $7,3 млрд-қа дейін жетеді деп күтілуде. Бұл импортқа тәуелділікті азайтуға және экспорт әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді», — деді министр.

Ұсынылып отырған шаралар өңдеу саласын дамытуға, өнеркәсіптік кооперацияны кеңейтуге және жоғары қосылған құны бар өнім өндіруге бағытталған және Министрлік белгіленген көрсеткіштерге қол жеткізуді қамтамасыз ететін болады.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив