Бесқарағай ауданында «Конституцияны – бірге үйренейік» атты квест ойыны өтті
Бесқарағай ауданы жастарының ұйымдастыруымен «Конституцияны – бірге үйренейік» атты зияткерлік квест ойыны өтті. Іс-шараның мақсаты – жастардың Конституцияға деген қызығушылығын арттыру, құқықтық сауаттылығын дамыту және конституциялық реформалардың мазмұнын интерактивті форматта түсіндіру.
Квестке аудан жастары белсенді қатысып, бірнеше командаға бөлініп, арнайы әзірленген кезеңдер бойынша тапсырмаларды орындады. Қатысушылар Қазақстан Республикасының Конституциясы бойынша сұрақтарға жауап беріп, құқықтық жағдаяттарды талдап, логикалық және шығармашылық тапсырмалар арқылы білімдерін сынады.
Іс-шара барысында конституциялық өзгерістердің елдің саяси жүйесін жаңғыртудағы, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы және әділетті қоғам қалыптастырудағы маңызы кеңінен түсіндірілді. Квест форматы теориялық білімді тәжірибелік тапсырмалармен ұштастырып, жастардың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға мүмкіндік берді.
Ойын қатысушысы Тілек Құрметұлы өз пікірін білдірді:
– Бұл квест бізге Конституция баптарын жаттап қана қоймай, олардың өмірдегі нақты маңызын терең түсінуге жол ашты. Тапсырмалар мазмұнды әрі қызықты ұйымдастырылған. Осындай форматтағы іс-шаралар жастардың құқықтық білімін арттырып қана қоймай, ел тағдырына деген жауапкершілігін күшейтеді деп есептеймін. Баршаңызды 15 наурыз күні өтетін республикалық референдумға белсенді қатысуға шақырамын, – деді ол.
Айта кетейік, Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия жаңа Ата Заң жобасын жариялады. 15 наурыз күні жаңа заңды қабылдау бойынша республикалық референдум өтеді.
Іс-шара соңында белсенділік танытқан командалар марапатталып, қатысушыларға естелік сертификаттар табысталды.
Аталған квест ойыны жастардың құқықтық мәдениетін нығайтуға, Конституцияның қоғам өміріндегі рөлін терең түсіндіруге және ел дамуына жауапкершілікпен қарайтын белсенді ұрпақ қалыптастыруға бағытталған маңызды алаңға айналды.



