Абай облысында «Қаладан – ауылға» пилоттық жобасы жүзеге асырылады
«Қаладан – ауылға» өңірлік форумы аясында «Қаладан – ауылға» пилоттық жобасы таныстырылды. Облыс әкімінің орынбасары Думан Оспанов 2026-2028 жылдары жүзеге асырылатын жаңа жобаның негізгі бағыттары мен іске асыру тетіктері туралы баяндады.
Оның айтуынша, Абай облысындағы 600 мыңға жуық халықтың 222 мыңы ауылдық жерде тұрады. Өңірде 138 ауылдық округ пен кент бар. Жобаның басты мақсаты – ауыл халқын тұрақтандыру, қаладан ауылға қоныс аударатын отбасылар санын арттыру, кадр тапшылығын шешу және ауыл экономикасын дамыту. Жоба аясында қолданыстағы мемлекеттік, салалық және өңірлік деңгейдегі бағдарламалар арқылы ауылға қоныс аударушыларға баспаналы болуға, бизнес жүргізуге, мал алуға жәрдем беріледі.
Халықты жұмыспен қамту бағытында «Жастар практикасы», «Қоғамдық жұмыстар», «Күміс жас» бағдарламалары қолданылып, еңбекақының бір бөлігі мемлекет тарапынан субсидияланады. Сонымен қатар жаңа бизнес-идеяларға гранттар беру, «Бір ауыл – бір өнім» жобасы арқылы жергілікті өндірісті дамыту, облыс әкімінің білім гранттары арқылы ауылға қажетті мамандар даярлау көзделген. Ауыл кәсіпкерлігін дамытуда «Ауыл аманаты», «Іскер аймақ» бағдарламалары және биыл басталатын «Игілік» жобасы маңызды рөл атқарады. Жеңілдетілген несие 6 пайызбен 7–10 жыл мерзімге беріліп, мал шаруашылығын дамытуға басымдық жасалады.
Ерекше атап өтерлігі, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында облыста алғаш рет «Сауынды сиыр» атты жоба жүзеге асырылады. Бұл жерде тек сүтті сиыр сатып алуға басымдық беріледі. Сондай-ақ, «Тауарлы несие» жобасы шеңберінде «100 қой» жобасы қолға алынады. Бұл – бюджет қаражатын қажет етпейтін жоба. Бұған ірі және орта шаруа қожалықтары атсалысады. Бұл жерде ауылына, жұртына қолдау көрсетуге дайын азаматтардың рөлі басым болады. Осы жобаға қатысып, халыққа қол ұшын берген фермерлерге жеңілдетілген несие беру, техникаға қысқа уақытта қол жеткізулеріне мүмкіндіктер қарастырылып, қолдау көрсетіледі.
Форум аясында өңірлердегі ауылдық аумақтарды дамыту, әлеуметтік-экономикалық өсімді қамтамасыз ету және жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіру мәселелері кеңінен талқыланды. Аталған бағыттар бойынша «Eurasia Agro Semey» ЖШС құрылтайшысы Ерлан Мұқашев, Абай ауданының әкімі Мейіржан Смағұлов, Үржар ауданының әкімі Ақылбек Башимбаев, Көкпекті ауданы Шұғылбай ауылдық округінің әкімі Нұрлан Назарханов, Жаңасемей ауданы Алғабас ауылдық округінің әкімі Төлеген Құсайынов және Бородулиха ауданы Андреевка ауылдық округінің әкімі Гүл мира Ильяшева баяндама жасап, ауылдық округтердің әлеуметтік-экономикалық дамуы, инвестиция тарту, инфрақұрылымды жетілдіру және әкімдердің өкілеттіктерін кеңейту бағытындағы ойларымен бөлісті.
Форумды қорытындылаған облыс әкімі Берік Уәли жиында айтылған ұсыныстар мен бастамалардың өңір дамуының жаңа кезеңіне бастайтын нақты қадамдар екенін атап өтті.
Облыс әкімі форум алдында өңірдің ірі тауар өндірушілерінің көрмесін тамашалады.










