Cемей-15°С
Ауа-райы
  • Абай-16°С
  • Аягөз-24°С
  • Ақсуат-14°С
  • Бородулиха-15°С
  • Қалбатау-17°С
  • Курчатов-18°С
  • Көкпекті-15°С
  • Үржар-12°С
489.17 576.63 6.38

Абай облысында Конституция жобасына қатысты ашық диалог өтті

Бүгін, 15:23 Думан Кенжеғазыұлы

Абай облысында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» өңірлік коалициясы аясында колледж директорларымен кездесу өтті. Жиынды облыстық мәслихат төрағасы, коалиция жетекшісі Шалқар Байбеков жүргізді. Басқосуға коалиция мүшелері мен білім беру ұйымдарының басшылары қатысты.

Кездесу барысында Жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары мен алдағы республикалық референдумның маңызы кеңінен талқыланды. Шалқар Байбеков бұл кезеңді ел тарихындағы жауапты белес ретінде атап өтті.

– Алда – республикалық референдум. Бұл – ел тағдыры үшін маңызды сәт. Комиссия жұмысы барысында Конституция мәтінінің 84 пайызына өзгеріс енгізу қажеттігі анықталды. Құжат жарты жыл бойы ашық талқылаудан өтті, он мыңға жуық ұсыныс қаралды, – деді ол.

Сонымен қатар жаңа редакцияда мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған өзгерістер қарастырылғанын атап өтіп, ұстаздардың қоғамдағы рөліне ерекше тоқталды.

Жиында коалиция мүшелері де пікір білдірді. Облыстық мәслихат депутаты Шағангүл Жанаева Конституция жобасының мемлекеттік тілде сапалы әзірленгенін айтты.

Әлихан Бөкейхан университеті проректоры Айрат Базенов жобаның преамбуласында әділеттілік, заң үстемдігі, ұлттық бірлік, болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік, адам капиталы, білім мен ғылымды дамыту сияқты стратегиялық құндылықтар айқындалғанын атап өтті. Оның айтуынша, зайырлы мемлекет қағидаты сақталып, тіл мәселесі нақты бекітілген.

Коалиция мүшесі Алмас Атмұқаш Жаңа Ата Заң жобасын тарихи шешім ретінде бағалап, құжатта адами капиталға басымдық берілгенін жеткізді. Ғылым, білім, мәдениет пен инновацияны негізгі құндылықтар ретінде айқындау – елдің ұзақ мерзімді дамуына бағытталған жүйелі қадам екені айтылды.

Абай облысы бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкіл Эльзира Солтабаева жаңа жобада адам қадір-қасиетін қорғау, жеке өмірге қол сұқпаушылық, цифрлық деректер қауіпсіздігі, сөз бостандығы, зайырлы білім беру ортасын сақтау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағыттары күшейтілгенін атап өтті. Сонымен қатар жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру білім беру ұйымдарының маңызды міндеті екенін айтты.

Колледж директорлары да өз қолдау пікірлерін білдірді. Олар жаңа Конституция жобасында мемлекеттік басқаруды жетілдірумен қатар, адам капиталына, білім мен ғылымға басымдық берілгенін атап өтті. Референдум әр азаматтың жауапкершілігін айқындайтын тарихи сәт екені айтылды.

Жиын соңында референдумға дайындық аясындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын үйлестіру мәселелері қаралды. Кездесу ашық форматта өтіп, қатысушылар өз ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив