Облыс әкімі Курчатов қаласындағы жаңғыртудан өткен мектепке барды
Аймақ басшысы Берік Уәли Курчатов қаласындағы №2 жалпы білім беретін мектептің тыныс-тіршілігімен танысты.
1967 жылы салынған білім ордасы 412 оқушыға арналған, даярлық сыныпты қоса алғанда мұнда қазір 561 оқушы білім алуда. Мектепте 51 мұғалім еңбек етеді. Былтыр нысанға пайдалануға берілген уақыттан бері алғаш рет ауқымды жаңғырту жұмысы жүргізілді. Облыстық бюджеттен бөлінген қаражат есебінен ғимаратқа жөндеу жасалып, оқу кабинеттері жаңартылды.
Сонымен қатар «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы аясында «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры тарапынан 243,1 млн теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетіліп, мектептің материалдық-техникалық базасы толық жаңарды. Жоба шеңберінде 34 оқу кабинеті мен білім беру кеңістігі заманауи талаптарға сай жабдықталды. Бейнестудия, арт-студия, STEAM кабинеті, Intellectum оқу жиынтығы, лингофондық-мультимедиялық кабинет, жаңартылған музыка сыныбы іске қосылды. Бұдан бөлек химия, биология, физика, информатика кабинеттері мен кітапхана, спорт залы жаңа құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Жүргізілген жұмыстар білім беру сапасын арттырып, оқушылардың ғылыми-зерттеу және шығармашылық қабілеттерін дамытуға кең мүмкіндік беріп отыр.
Облыс әкімі жаңартылған мектептің оқу кабинеттерін, кітапханасын аралап, мұғалімдермен, оқушылармен пікірлесті.
Мектеп мұғалімдері өз кезегінде жаңартылған білім ордасы жұмыстарына жаңаша серпін бергенін айтып, ризашылықтарын жеткізді.
Былтыр облыстағы 12 мектепке күрделі жөндеу жүргізуге 2,9 млрд теңге бағытталды. Оның ішінде 9 мектеп толық реновациядан өтіп, заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, облыстың 75 мектебіне 131 оқу кабинеті, оның ішінде 89 жаңа модификациядағы кабинеттер сатып алынды. Сондай-ақ, ауылдағы қосымша білім беруді дамыту мақсатында «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен 36 мектеп 58 кабинетпен және 4 балалар шығармашылық орталығы 500 миллион теңгеге техникалық-ғылыми, stem бағытындағы жаңа модификациялық кабинеттермен жабдықталды.










