Cемей-24°С
Ауа-райы
  • Абай-16°С
  • Аягөз-24°С
  • Ақсуат-14°С
  • Бородулиха-15°С
  • Қалбатау-17°С
  • Курчатов-18°С
  • Көкпекті-15°С
  • Үржар-12°С
497.33 586.7 6.48

Қазақстанда майлы дақылдар мен жемшөпке арналған алқаптар ұлғайды

Бүгін, 14:22 Думан Кенжеғазыұлы

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысы қойған міндеттер ескеріле отырып, көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы қаралды. Онда ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, сондай-ақ астық егетін негізгі облыстардың басшылары баяндама жасады.

Өз кезегінде ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров көктемгі егіс жұмыстарына дайындық барысы, жеңілдетілген несиелеу тетіктері және диқандарды ресурстармен қамтамасыз ету туралы айтты.

«Министрлік облыс әкімдіктерімен бірлесіп 2026 жылға егіс алқаптарының болжамды құрылымын бекітті. Ол бидай алқаптарын қысқарту және жоғары сұранысқа ие дақылдардың үлесін ұлғайту бойынша әртараптандыру жұмыстарын жалғастыруға бағытталған. Биыл жылпы егістік аумағы шамамен 123,8 млн гектар құрайды, бұл өткен жылдан 180 мың гектарға көп. Соның ішінде майлы дақылдар алаңы 55 мың гектарға, азықтық дақылдар 242 мың гектарға, арпа 94 мың гектарға, ал ұйымдастырылған шаруашылықтардағы картоп алаңдары 10 мың гектарға көбейеді. Бұл ретте бидай егіс алаңы 125 мың гектарға қысқартылып, 12,1 млн га құрайды. Сонымен қатар, Премьер-министрдің тапсырмасына сәйкес, жүгеріні терең өңдейтін инвестициялық жобаларды шикізат базасымен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізілуде. Осыған байланысты жүгері бойынша әртараптандыру индикаторларын қайта қарап, оның егіс алқаптарын кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Биыл жүгері алқаптарын 265 мың гектарға дейін жеткізу жоспарлануда, бұл өткен жылмен салыстырғанда 90 мың гектарға көп», — деді ол.

Осы мақсатта министрлік Қытайдың солтүстік өңірлерінде біздің елімізге ұқсас топырақ-климаттық жағдайларда жүгері өсіретін компаниямен кездесу өткізген. Бұл компания тұқым, тыңайтқыш жеткізу және өсіру тәжірибесімен бөлісу арқылы практикалық қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді. Қазіргі уақытта кәсіпорынды жүктеу мақсатында Азық-түлік корпорациясы арқылы шаруаларды форвардтық қаржыландыру және кейіннен жүгеріні инвесторға өткізу мүмкіндігі пысықталуда. Осыған байланысты министр өңірлерден жүгері өсіру бойынша халықаралық тәжірибені қабылдап, оның егіс алқаптарын кеңейту бағытындағы жұмысты жандандыруды сұрады. Бұл бірінші кезекте солтүстік өңірлерге қатысты. Ол жақта жүгері бір жыл өссе, бір жыл өспейді, сндықтан осындай тәжірибені кіргізу қажет.

«Бұдан басқа, республиканың оңтүстік өңірлерінде күріш пен мақта сияқты суды көп қажет ететін дақылдар алаңдарын оңтайландыру жұмыстары жүргізілуде. Мысалы, су пайдалану лимиттеріне сәйкес күріш алаңы 20 мың гектарға қысқартылады. Мақтаның егіс алаңы 162,4 мың гектарды құрап, оның ішінде тамшылатып суару алаңдары 29,8 мың гектарға ұлғаяды, ал дәстүрлі суару әдістері қолданылатын алаңдар 12 мың гектарға қысқарады. Жоғарыда аталған егіс алқаптарының құрылымы ішкі қажеттілікті толық қамтамасыз ету үшін қажетті өнім алуға мүмкіндік береді. 2026 жылға ауыл шаруашылығы дақылдары алқаптарының құрылымын және әртараптандыру бойынша жаңа индикаторларды бекіту ұсынылады», — дейді Айдарбек Сапаров.

Оның айтуынша биылғы егін егу және егін жинау жұмыстарына жеңілдетілген кредит беруге 700 млрд теңге бағыттау жоспарлануда. Ерте қаржыландырудың арқасында шаруалар қажетті көлемдегі сапалы тұқымдарды, минералдық тыңайтқыштарды, өсімдіктерді қорғау құралдарын, сондай-ақ жанар-жағармай материалдар мен техниканы алдын ала және қолжетімді бағамен сатып алу мүмкіндігіне ие болды. Егер 2025 жылғы егіс науқанына ерте қаржыландыру 2024 жылдың қараша айының соңында басталған болса, 2026 жылғы көктемгі дала жұмыстарына өтінімдерді қабылдау өткен жылдың қазан айында басталды. Осының нәтижесінде, бүгінгі күні шамамен 1 900 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші (АШТӨ) 200 млрд теңге сомасына қаржыландырылды, бұл жалпы қаржыландыру көлемінің шамамен 27%-ын құрайды 

Сонымен қатар «Даму» қоры арқылы кепілдік беру тетігі бойынша егін егу және егін жинау жұмыстары кезінде берілетін қарыздар көлемін 300 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарлануда. Қазіргі уақытта 86 млрд теңге көлеміндегі кредиттерге кепілдік берілді. Сондай-ақ отандық ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизингке беру үшін кемінде 300 млрд теңге қарастырылатын болады.

Ал «Азық-түлік корпорациясының» форвардтық сатып алу бағдарламасы аясында 152 АШТӨ-ден 34,1 млрд теңге сомасына өтінімдер келіп түскен, оның ішінде 40 АШТӨ 13,8 млрд теңге сомасына қаржыландырылды. Бұл жұмыстар әрі қарай жалғасуда.

«Бүгінгі таңда өңірлердің мәліметі бойынша техниканың дайындық деңгейі шамамен 80% құрайды, жаппай егіс жұмыстары басталғанға дейін аталған техника 100% дайын болады. Әкімдіктер техниканы жөндеу жұмыстарын күшейтіп, машина-трактор шеберханаларының тиісті жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажет. 2025 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік қолдау шараларының арқасында шаруалар шамамен 25 мың бірлік заманауи техника сатып алып, ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту деңгейі 6,5%-ға жетті. Бұл жоғары өнімділік есебінен егіс науқанын оңтайлы агротехникалық мерзімде жүргізуге, сондай-ақ егістің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, бүгінгі таңда республика бойынша техниканың бос тұрып қалуын барынша азайту үшін елімізде жедел техникалық сүйемелдеуді қамтамасыз ететін 70-тен астам сервистік орталық жұмыс істейді. Мемлекеттік қолдау шаралары фермерлер тарапынан сұраныстың артуына ықпал етті, бұл өз кезегінде отандық техниканы өндіру көлемін ұлғайтуға мүмкіндік берді. Атап айтқанда, бір жылдың ішінде ғана техника өндірісі 22%-ға өсті. Биыл машина-трактор паркін жаңарту деңгейін 8%-ға дейін жеткізу тапсырмасын орындау мақсатында, өндіріс көлемін 9,9 мың бірлікке дейін жеткізу жоспарлануда. Ал жалпы ауыл шаруашылығы құралымдарында 139 мың трактор, шамамен 5,6 мың жоғары өнімді егіс кешені, 70 мың сепкіш, 141 мың топырақ өңдеу құралы бар», — деді ведомство басшысы.

Министрдің айтуынша, егіс науқанын сапалы әрі уақтылы жүргізу үшін құны нарықтан 15%-ға арзан болатын 402 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінген.

Шаруаларды тұқымдың материалмен қамтамасыз ету және оны себудің сапасын тексеру мониторингіне ерекше көңіл бөлінуде. Облыстар әкімдіктерінің мәліметі бойынша тұқым дайындау толық көлемде қамтамасыз етіліп, 2,3 млн тонна тұқым дайындалды. Бүгінгі күні 1,6 млн тонна тұқымның сапасына сараптама жүргізілді, оның нәтижесі бойынша тұқымдардың 99%-ы кондициялық болып танылып, себу стандартының бірінші және екінші сыныптарына сәйкес келеді. Тұқымды жаппай тексеру сәуір айының ортасына дейін аяқталады.

Тұқым сапасын қамтамасыз етуде мемлекеттік қолдаудың рөлі ерекше. 15 ақпаннан бастап тұқымды субсидиялаудың жаңа тетігі күшіне енді, ол отандық тұқым шаруашылығы субъектілерін қолдауға бағытталған.

«Бұдан бөлек Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, отандық сорттарды сынақтан өткізуге де ерекше көңіл бөлінуде. 2026 жылы мемлекеттік сортты сынау жүйесі тарапынан Қазақстан аумағында пайдалануға қазақстандық селекцияның 45 жаңа жоғары өнімді сорты ұсынылды, бұл 2021 жылғы көрсеткіштен үш есе артық. Сонымен қатар, майлы, дәнді-бұршақты, азықтық және жармалық дақылдар сияқты жоғары сұранысқа ие дақылдардың сорттарын шығаруға айрықша назар аударылуда. Бұл ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқаптарын одан әрі әртараптандыруға ықпал етеді. Климаттың өзгеруі жағдайында сортты сынау шаралары заманауи, жоғары дәлдікті әрі барынша объективті болуы тиіс, яғни нақты топырақ-климаттық жағдайларға сәйкес сорттарды дұрыс таңдауға нақты көмектесуі қажет. Сортты сынау желісін жаңғырту мақсатында шетелдік селекция сорттарын ақылы негізде сынауды енгізу ұсынылады. Бұл бюджетке түсетін жүктемені азайтуға, мемлекеттік сортты сынау учаскелерінің материалдық-техникалық базасын жаңартуға және зерттеу сапасын арттыруға мүмкіндік береді», — деді Айдарбек Сапаров.

Министр тыңайтқыштар жайына да тоқталды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша тыңайтқыш енгізу деңгейі алғаш рет ғылыми негізделген қажеттіліктің 56%-іне жетіп, 1,8 млн тоннаны құрады. 2026 жылға тыңайтқыш енгізу жоспары 2,3 млн тонна болып белгіленді. Бүгінгі таңда 245 мың тоннаға келісім шарт жасалды. Бұл жалпы көлемнің 10%-ы ғана. Сол себептен облыс әкімдіктері осы бағыттағы жұмыстарды күшейтулері қажет. 2024 жылы іске қосылған минералдық тыңайтқыштарды субсидиялаудың аванстық тетігі химия саласының дамуына және отандық тыңайтқыштар өндірісінің көлемін ұлғайтуға оң ықпал етті. Атап айтқанда, 2025 жылдың қорытындысы бойынша КазАзот зауытының тыңайтқыш өндірісі 11,5%-ға артты, ал Казфосфат өндіріс көлемін 1,8 есеге ұлғайтты.

«Әкімдіктерге егіс науқаны үшін оңтайлы жағдай қалыптастыру мақсатында қар тоқтату және ылғалды ұстап қалу жұмыстарын уақтылы жүргізу қажеттігін еске салғым келеді. Сонымен қатар, тұқым таңдау, себу мерзімдерін сақтау, тыңайтқыштарды пайдалану, себуге дейінгі топырақты өңдеу және басқа да қажетті іс-шараларды уақтылы әрі дұрыс орындауға ерекше назар аудару қажет. Атап айтқанда: оңтайлы агромерзімдерді сақтау мақсатында техниканың оның тоқтап қалуын болдырмау үшін толық дайын болуын, оның ішінде жөндеу және профилактикалық қызмет көрсету жұмыстарын қамтамасыз ету; дизель отынын уақтылы және ашық түрде бөлуді ұйымдастыру; мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін ескере отырып, бюджет шығындарын азайту мақсатында тұқым сапасына сараптаманы шаруалардың өз қаражаты есебінен жүзеге асыру ұсынылады. Өйткені, олар субсидия алады. Бұған дейін оған ақшаны Үкімет төлеп келді», — деді ол.

Осы ретте фермерлермен тыңайтқыш жеткізу бойынша келісімшарт жасау жұмыстарын жандандыру керек. Қазіргі нарық талаптарына және климаттық ерекшеліктерге сәйкес келетін жоғары өнімді, құрғақшылыққа төзімді және жоғары сұранысқа ие дақылдарға көшу арқылы егіс алқаптарын ғылыми негізде әртараптандыру мәселесіне бірінші кезекте мән беру қажет. Көктемгі науқанды өткізу барысын министрлік ерекше бақылауда ұстап отыр. Барлық өзекті мәселелер мүдделі тараптарды тарта отырып, министрліктің Жедел штабының отырыстарында қаралып, шешілетін болады.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив