Абай облысында көктемгі су тасқынына дайындық жоспарлы түрде жүзеге асырылуда
Абай облысында 2026 жылғы көктемгі су тасқыны қаупі бар кезеңге дайындық жоспарлы әрі жүйелі түрде жүргізілуде. Аталған жұмыстар облыс әкімдігі мен Төтенше жағдайлар департаментінің ерекше бақылауында. Бұл туралы Абай облысы ТЖД Төтенше жағдайларды алдын алу басқармасының бас маманы, азаматтық қорғау капитаны Бауыржан Минашханов мәлімдеді.
Болжамды гидрометеорологиялық жағдайларды ескере отырып, елді мекендер мен тіршілікті қамтамасыз ету нысандарын қорғауға бағытталған алдын алу және инженерлік іс-шаралар кешені жүзеге асырылуда. Инженерлік қорғау жоспары аясында 28 іс-шара орындалды. Бұдан бөлек, жоспардан тыс 33 шақырым қорғаныс бөгеттері жөнделіп, 8 шақырым қорғаныс үйінділері тұрғызылды, 14 шақырымға жуық арық жүйесі тазартылды. Сондай-ақ автомобиль және теміржолдардың астына 25 қосымша су өткізу құрылысы орнатылды.
Ертіс және Үбі өзендерінде профилактикалық жару жұмыстарын жүргізу үшін учаскелер белгіленіп, гидрологиялық жағдай мен гидротехникалық нысандардың жай-күйіне тұрақты мониторинг жүргізілуде.