Cемей-8°С
Ауа-райы
  • Абай-16°С
  • Аягөз-24°С
  • Ақсуат-14°С
  • Бородулиха-15°С
  • Қалбатау-17°С
  • Курчатов-18°С
  • Көкпекті-15°С
  • Үржар-12°С
502.6 589.95 6.5

Абай облысының жұртшылығы Жаңа Конституцияға қолдау білдірді

Бүгін, 11:43 Думан Кенжеғазыұлы

Абай облысында ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин мен «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының мүшелері өңір жұртшылығымен кездесті.

Талқылау жұмысына 500-ден астам адам қатысты. Олардың қатарында өңірдегі көрнекті қоғам қайраткерлері, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңестердің мүшелері, саяси партиялардың, Қазақстан халқы Ассамблеясының, ардагерлер ұйымдарының, бизнес, білім беру, денсаулық сақтау, спорт салаларының, жоғары оқу орындарындағы профессор-оқытушылар құрамының өкілдері және жастар қауымы бар.

Қоғамдық диалогтың өзегі – Ата Заң жобасының негізгі ережелері мен 15 наурызда өтетін жалпыұлттық дауыс берудің маңызы.

Кездесуді ашқан облыс әкімі Берік Уәли Жаңа Конституция жобасын кең қоғамдық талқылаудан өткізудің маңызын атап өтіп, ұсынылып отырған өзгерістер өңірлік басқару жүйесіне тікелей әсер ететінін айтты.

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Жаңа Конституция жобасын әзірлеу барысы барынша ашық әрі қоғамның кең қатысуымен жүргізілгеніне назар аударды.

«Жаңа Конституция жобасының мәтіні – жарты жыл бойы жүргізілген қоғамдық талқылаудың қорытындысы, Конституциялық комиссияның 130 мүшесінің және өз ұсыныстары мен пікірлерін жолдаған мыңдаған азаматтың бірлескен еңбегінің нәтижесі. Сондықтан оны бүгінде халықтық Конституция деп атауға толық негіз бар», – деді Мемлекеттік кеңесші.

Ерлан Қарин ұсынылып отырған жаңашылдықтар барлық басқару жүйесінің тұрақтылығын нығайтуға және билік институттарының өкілеттігі мен жауапкершілігінің нақты теңгерімі арқылы мемлекет пен қоғам арасындағы өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыруға бағытталғанын атап өтті. Сондай-ақ ол жобада айқындалған заманауи басымдықтарға ерекше тоқталды. Олар – цифрлық трансформация, адам капиталын дамыту, білім, ғылым және инновацияларды мемлекеттің ұзақмерзімді өркендеуі мен бәсекеге қабілеттілігінің негізі ретінде қолдау көрсету.

«Жаңа Конституция еліміздің дамуына тың серпін, жаңа бағыт беріп, тарихымыздың жаңа кезеңін ашады», – деді Ерлан Қарин.

Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильяновтың айтуынша, Ата Заң жобасы барлық меншік нысанын қорғау, ұлттық заңнаманың басымдығын айқындау және ұлттық валютаның маңызын бекіту арқылы экономикалық кепілдіктерді күшейтеді. Бұл бизнес пен инвестиция үшін тұрақты әрі болжамды орта қалыптастырады.

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Конституцияның жаңа редакциясында білім, ғылым және инновацияларды дамыту мәселесі стратегиялық басымдық ретінде бекітілгенін атап өтті. Бұл адам капиталын қалыптастыруды мемлекеттің негізгі міндеттерінің біріне айналдырып, жастардың азаматтық жауапкершілігін нығайтуға ықпал етеді.

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров заң шығарушы билікті жаңғырту және Құрылтайдың бақылау функцияларын күшейту мәселесіне назар аударды. Оның айтуынша, бұл билік институттарының есептілігін арттырып, азаматтардың құқығы мен бостандығына қатысты кепілдікті нығайтуға бағытталып отыр.

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұратқазы Алин Жаңа Конституция ұлттық мәдениет пен дәстүрлі отбасылық құндылықтарды нығайтуға ықпал ететінін, осылайша мемлекеттің тұрақты әрі кезең-кезеңімен дамуына негіз болатынын мәлімдеді.

Кездесу барысында қатысушылар белсенді пікір алмасып, Жаңа Конституция жобасы қоғамның әділдікке, тұрақтылыққа және мемлекеттік басқаруды жаңғыртуға деген сұранысын айқындайтынын атап өтті. Құжат азаматтардың тұрмысын жақсартуға және әлеуметтік кепілдіктерді нығайтуға бағытталды.

Кездесу соңында Абай облысының жұртшылығы Жаңа Конституция жобасын қолдайтындарын жеткізіп, аталған құжат мемлекеттің алдағы уақытта орнықты дамуы үшін аса маңызды екенін атап өтті.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив