Семейде ауқымды «SEMEY WOMEN FORUM» өтті
Семей қаласында «Әйел және көшбасшылық» тақырыбында ауқымды «SEMEY WOMEN FORUM» ұйымдастырылды. Іс-шара кәсіпкерлерді, қоғам қайраткерлерін, сарапшыларды, жас көшбасшыларды және әйелдердің дамуы мен кәсіби өсуін қолдайтын барша жандарды бір алаңға тоғыстырды.
Кездесудің басты тақырыбы – заманауи қоғамдағы әйелдің рөлі, оның экономикаға, білім беру мен әлеуметтік салаға ықпалы, сондай-ақ жаңа құндылықтарды қалыптастырудағы орны болды.
Қатысушыларды Абай облысы әкімінің орынбасары Мейірлан Раханов құттықтап, өңір халқының 51 пайызын әйелдер құрайтынын атап өтті. Бүгінде олар білім мен денсаулық сақтау саласында, мемлекеттік қызметте және кәсіпкерлікте табысты еңбек етіп, аймақтың дамуына зор үлес қосып келеді. Қазіргі таңда облыста 30 мыңнан астам әйел шағын және орта бизнес саласында жұмыс істейді.
Өз сөзінде ол Мемлекет басшысы айқындаған тең мүмкіндіктерге негізделген әділетті қоғам құру – елдің стратегиялық бағыты екенін атап өтті. «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» қағидаты – соның айқын дәлелі. Бұл құндылықтар Жаңа Конституцияда да көрініс тапқанын жеткізді.
Форум сахнасында елге танымал тұлғалар сөз сөйледі. Қоғам қайраткері Раушан Сәрсембаева кәсіпкер әйелдерді жүйелі қолдау жұмысына тоқталып, үш онжылдық ішінде Қазақстан Іскер әйелдер қауымдастығы кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған қуатты платформаға айналғанын айтты.
Қазақстанның халық әртісі Майра Ілиясова кәсіби қалыптасу жолындағы жеке тәжірибесімен бөліссе, Меруерт Өтекешова мәдени көшбасшылық пен әйелдің қоғамдағы рухани бағдар қалыптастырудағы рөлі туралы ой қозғады. Медиакәсіпкер Ақерке Берлібай цифрлық дәуірде жеке бренд қалыптастыру және жобаларды дамыту тәжірибесін ұсынды.
Қатысушылар мансаптық сын-қатерлер, жұмыс пен жеке өмір арасындағы тепе-теңдік, мемлекеттік және бизнес қауымдастық тарапынан қолдау мәселелері бойынша сұрақтар қойып, ашық пікір алмасты.
Форум қорытындысы әйелдер көшбасшылығының Қазақстанда жаңа деңгейге көтеріліп келе жатқанын айқын көрсетті.










