Cемей-12°С
Ауа-райы
  • Абай-16°С
  • Аягөз-24°С
  • Ақсуат-14°С
  • Бородулиха-15°С
  • Қалбатау-17°С
  • Курчатов-18°С
  • Көкпекті-15°С
  • Үржар-12°С
493.85 571.78 6.25

Семейде 8 наурыз мерекесіне арналған салтанатты шара өтті

Кеше, 16:41 Думан Кенжеғазыұлы

Бүгін Семейдегі Абай атындағы театрда 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған «Арулар – асыл жандар» атты салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік жиында облыс әкімі Берік Уәли өңірдің дамуына елеулі үлес қосып жүрген нәзік жандарды құттықтап, құрмет көрсетті.

Аймақ басшысы өз сөзінде әйелдердің қоғамдағы рөлі мен олардың ел дамуына қосып отырған үлесінің ерекше екенін атап өтті.

«Бұл күн – бүкіл әлемдегі әйел атаулыға құрмет көрсететін, айрықша мейрам. Ананың әлдиі мен арудың ақылы, қарындастың ізеті мен жардың адалдығы – қазақ қоғамының ұйытқысы, еліміздің ең асыл байлығы. Мемлекет басшысы «Ана мен баланың жағдайы дұрыс болса, әлеуметтің жағдайы да дұрыс болады. Сондықтан болашағын ойлаған ел, ең алдымен, әйелдердің жағдайын жақсартуды ойлайды. Мемлекетіміз әйелдерді барынша қорғауға және жан-жақты қолдауға баса мән береді» деп атап өткен болатын. Шын мәнінде, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Президент болған жеті жылдың ішінде әйелдер қауымының құқығын қорғау және олардың қоғам ісіне белсене араласуын қамтамасыз ету ісі ілгеріледі. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жаза күшейтілді. Өкілдік органдардағы әйелдерге арнайы квота қарастырылды. Бұл норма қоғамда қызу талқыланып, жалпыұлттық референдумға шығарылып жатқан жаңа Конституцияның жобасында да сақталған. Жаңа Конституция Мемлекет басшысының алғашқы күннен жүргізіп келе жатқан саяси реформаларының логикалық жалғасы дейтінім осыдан. Конституция жобасында әйелдер құқығының ерекше ескерілуі құқықтық мемлекеттің қалыптасқанын және дамып келе жатқанын көрсетеді. Ал әйелдердің дауысы ескерілген Конституция қоғам өміріне әлдеқайда жақын әрі мықты болады деп ойлаймын. Сондықтан 15 наурыз күні өтетін Референдумға белсене қатысып, облысымызды қайта ашып берген Президентіміздің саясатын және әйел құқығын қорғауға баса мән беріліп отырған Конституция жобасын бірауыздан қолдайды деп сенемін», – деді облыс әкімі.

Салтанатты шара барысында Берік Уәли «Қазақстанның Еңбек Ері», «Алтын жұлдыз» және «Отан» ордендерінің иегері Алма Шүкіжановаға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтан келген құттықтау хатты оқып беріп, ел алдында табыс етті.

Мерекелік жиында түрлі салада табысты еңбек етіп жүрген әйелдер қауымы мемлекеттік наградалар алды. Еңбек ардагері Гүлнар Төлеутаева және Үржар ауданындағы Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектептің мұғалімі Раушан Қасенова «Құрмет» орденімен, еңбек ардагері Лэйла Маусунбаева,  «KAZAKHSTAN BULDINGS-I» ЖШС директоры Татьяна Горбачёва,  Абай облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы Айжан Арикбаева «Ерен еңбегі үшін» медалімен, Ақсуат ауданының арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының директоры Лаура Сәрсембаева «Шапағат» медалімен, журналист, Inbusiness.kz интернет-ресурсының редакторы Екатерина Гуляева «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар бірқатар нәзік жандарға «Абай облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі мен облыс әкімінің Алғыс хаттары берілді.

Бүгінде облыста 300 мыңнан астам нәзік жанды тұрады. Олардың басым бөлігі білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамту және мәдениет салаларында еңбек етуде. Әлеуметтік-экономикалық салада да әйелдердің үлесі зор. Өткен жылдың басынан бері Жұмыспен қамтудың өңірлік картасы аясында 14 626 әйел жұмыспен қамтылды. Кәсіпкерлік бастамаларды қолдау мақсатында 142 әйелге 1,5 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз мемлекеттік грант берілді.

Мерекелік кеш концерттік бағдарламамен жалғасты. Қазақстанның халық әртісі Секен Тұрысбеков, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жұбаныш Жексен, эстрада әншісі Еркеш Хасен және өңірдің өнерпаздары өнер көрсетті. Сонымен бірге Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармонияның әртістері, эстрадалық-симфониялық оркестр мен «Тұмар», «Кербез» би ансамбльдері көрерменге ән-күйден шашу шашты.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив