Оқу-ағарту министрлігінің қызметкерлеріне жаңа Конституция жобасының негізгі ережелері түсіндірілді
ҚР Оқу-ағарту министрлігінде ведомство ұжымының «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы өкілдерімен кездесуі өтті. Іс-шара барысында жаңа Конституция жобасының негізгі ережелері таныстырылып, алдағы конституциялық реформаның басым бағыттары талқыланды.
Кездесу аясында қатысушыларға елдің Негізгі заңындағы тұжырымдамалық өзгерістер, олардың мемлекетті одан әрі дамытудағы, әділеттілік қағидаттарын нығайтудағы, заң үстемдігін қамтамасыз етудегі және мемлекеттік институттардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттырудағы маңызы жан-жақты түсіндірілді.
Жиын ашық пікір алмасу форматында өтті. Министрлік қызметкерлері сұрақтарын қойып, Конституция жобасының жекелеген ережелері бойынша түсіндірме алды. Пікірталастың елеулі бөлігі білім беру мәселелеріне және адами капиталды дамытудағы кадр даярлау жүйесінің рөліне арналды.
Талқылауға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, саяси партиялардың өкілдері, сарапшылық және ғылыми қауымдастық мүшелері, партиялық құрылымдардың қызметкерлері, сондай-ақ қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар конституциялық реформаның Қазақстанның одан әрі дамуы, құқықтық институттарды нығайту және мемлекеттік жүйенің орнықтылығын арттыру ісіндегі маңызын атап өтті. Сонымен қатар жалпыхалықтық референдум қарсаңында азаматтарды елдің Ата заңындағы негізгі өзгерістер жөнінде кеңінен ақпараттандыру мен қоғамдық диалогті дамыту қажеттігіне ерекше назар аударылды.