Цифрлық дәуірдегі қазақстандықтардың құқықтарын қорғау: жаңа Конституция нормаларын түсіндіру шарасы өтті
Қазақстан Республикасының жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінде жаңа Конституция жобасын түсіндіру бойынша іс-шара өтті. Талқылауға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Айдос Сарым, Екатерина Смышляева және Снежанна Имашева, сондай-ақ Заңнама және құқықтық ақпарат институтының сарапшысы - Индира Аубакирова мен Министрлікке қарасты ұйымдардың қызметкерлері қатысты. Жиынға еліміздің барлық өңірлерінен онлайн қосылғандарды есепке алғанда, барлығы 1500-ден астам адам қатысты
Кездесудің басты мақсаты - мемлекеттік құрылымның болашағы мен азаматтардың құқықтарын қорғауды айқындайтын конституциялық реформалар туралы ашық диалог құру болды. Технологиялар мен жасанды интеллект қарқынды дамыған дәуірде қазақстандықтардың цифрлық құқықтарын қорғау ерекше маңызға ие. Қатысушылар мемлекеттік қызметтер, медицина және қаржы салаларын жаппай цифрландыру жағдайында Конституцияның жаңа нормалары жеке өмірге қолсұғылмаушылықты және дербес деректердің қауіпсіздігін қалай қамтамасыз ететінін талқылады.
Премьер-Министрдің орынбасары - Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев өз сөзінде: «Жасанды интеллект дәуірінде азаматтардың цифрлық құқықтарын қорғау - бұл цифрлық мемлекетке деген сенімнің негізгі шарты. Бұл нормаларды конституциялық деңгейде бекіту қазақстандықтардың құқықтарын қорғауды сапалы жаңа деңгейге көтереді және қауіпсіз әрі әділ қоғам құруға жол ашады» -деп өзгерістердің стратегиялық маңыздылығын атап өтті.
Алдағы референдум саяси жүйені жаңғыртуға және ұлттық бірлікті нығайтуға бағытталған маңызды оқиға. Жаңартылған Конституция технологиялардың адам игілігіне қызмет етуінің және заңның цифрлық әлемде әрбір азаматтың мүддесін сенімді қорғауының кепілі болмақ.