Қазақстан мен Иордания ғылым және жоғары білім саласындағы ынтымақтастықты нығайтады
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Иордан Хашимит Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хамза Әл-Омаримен кездесті.
Кездесу барысында тараптар жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім мен ғылым салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады. Атап айтқанда, академиялық ұтқырлықты кеңейту, сондай-ақ екі елдің жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына шетелдік студенттерді тарту мүмкіндіктері қарастырылды.
Кездесуде академиялық алмасуларды дамыту және кадр даярлау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Иордания тарапы Қазақстанның жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында иорданиялық азаматтардың білім алу тәжірибесіне оң баға беріп, мамандар даярлау деңгейінің жоғары екенін атап өтті. Сондай-ақ екі ел арасындағы академиялық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және білім беру алмасуларын кеңейтуге қызығушылық білдірді.
Сонымен қатар тараптар үкіметаралық стипендиялық бағдарлама аясында шетелдік студенттерге білім беру стипендияларын ұсыну мәселесін пысықтауға келісті. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Иордания арасындағы академиялық және ғылыми өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға, сондай-ақ тәжірибе алмасу мен жоғары білікті мамандар даярлау мүмкіндіктерін кеңейтуге өзара мүдделілік танытатынын растады.