Аида Балаева: Конституцияның авторы – бүкіл халық, демек, жауапкершілік те бәрімізге ортақ
«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясы мүшелерінің Ұлытау облысына сапары аясында Сәтбаев қаласындағы «Анненская» шахтасының жұмысшыларымен кездесу өтті.
Кездесу барысында жаңа Конституция жобасы мен 15 наурызда өтетін алдағы республикалық референдум мәселелері талқыланды. Жиында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, сондай-ақ депутаттар, заңгерлер және сарапшылық қауымдастық өкілдері қатысты.
Талқылау барысында жаңа Конституция жобасындағы еңбек адамына, өндірістегі қауіпсіздікке, әділ қағидаттарға және мемлекеттің азаматтар алдындағы жауапкершілігіне тікелей қатысты нормаларға ерекше назар аударылды.
Аида Балаева жаңа Конституция жобасы ең алдымен азаматтардың мүддесіне бағытталғанын және еңбек ұжымдары үшін айрықша маңызды құндылықтарды бекітетінін атап өтті.
Кездесуге қатысушылар өнеркәсіптік өңір үшін, сондай-ақ «Анненская» шахтасы сияқты кәсіпорындар үшін еңбек қауіпсіздігіне, өндірістік тәртіпке, ережелердің болжамдылығына және жұмысшы мамандықтарына құрмет көрсетуге қатысты нормалардың ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Әңгіме барысында жаңа Конституция жобасында еңбек жағдайларының тиісті деңгейде қамтамасыз етілуі үшін жауапкершілік анағұрлым нақты айқындалатыны, ал өндірістегі қауіпсіздік қазіргі заманғы әлеуметтік саясаттың негізгі стандарттарының бірі ретінде қарастырылатыны атап өтілді.
Сондай-ақ, өнеркәсіп саласы бетпе-бет келіп отырған заманауи сын-қатерлерге де ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, өндірісті цифрландыру, автоматтандыру, мониторинг жүргізу және азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарын қорғау мәселелері сөз болды.
Технологиялардың дамуы қауіпсіздік кепілдіктерін күшейтумен қатар жүруі тиіс екені, оның ішінде жеке деректерді және цифрлық коммуникацияларды қорғау мәселелері де маңызды екені айтылды.
Заңгер Серік Ақылбай конституциялық өзгерістердің құқықтық маңызына тоқталып, Ата Заң нормалары тек абстрактілі тұжырымдар күйінде қалып қоймай, адамның мүддесіне, оның қауіпсіздігі мен әділеттілік қағидаттарына нақты қызмет етуі қажет екенін атап өтті.
Кездесу барысында өндіріс өкілдері де сөз сөйлеп, еңбек ұжымының ұстанымын білдірді. Олар кеншілер қауымы үшін ең алдымен өндірістегі қауіпсіздік, тәртіп, әлеуметтік қорғалу және еңбек адамына деген құрмет айрықша маңызға ие екенін атап өтті.
Бұл ойды аға буын кеншілер де жалғастырып, өнеркәсіптік өңір үшін еңбек, әділеттілік және заң қағидаттары әрдайым басты құндылық болып келгенін атап өтті.
Азаматтардың тікелей өз пікірін білдіру тетігі ретіндегі референдумның маңызы және қоғамның тағдырлы шешімдерді талқылауға белсенді қатысуының қажеттілігі туралы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтай да өз пікірін білдірді. Ол экология мәселесіне ерекше назар аударып, жаңа Конституция жобасында табиғатқа ұқыпты қарау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру келер ұрпақ алдындағы жауапкершіліктің маңызды бөлігі ретінде қарастырылатынын атап өтті. Депутаттың айтуынша, қоршаған ортаны қорғау, жердің, судың және ауаның тазалығын сақтау, сондай-ақ экологиялық жауапкершілікке қойылатын талаптарды күшейту қоғамның сұранысы ғана емес, елдің одан әрі дамуына бағыт беретін тұрақты құқықтық бағдарға айналуы тиіс.
Қоғам өміріндегі жауапкершілік, құқықтық тұрақтылық және заңның рөлі мәселесіне қылмыстық құқық пен криминология саласының маманы Нұрлан Дулатбеков те тоқталды. Ол құқықтық мәдениеттің маңызына, қоғамдық келісімнің құндылығына және ел болашағын айқындайтын шешімдерді қабылдауда азаматтардың саналы түрде қатысуының қажеттілігіне ерекше назар аударды. Сонымен қатар Нұрлан Дулатбеков жаңа Конституция халыққа түсінікті әрі жақын болуы тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, құжатта білім, ғылым, мәдениет және адами капиталды дамыту басымдықтарының айқын көрініс табуы – Қазақстан дамуының жаңа кезеңге қадам басқанын білдіреді.
Кездесу барысында шахтерлер мен еңбек ұжымы өкілдеріне жаңа Конституция жобасының негізгі қағидалары бойынша жан-жақты түсіндірме беріліп, коалиция мүшелерімен ашық пікір алмасу өтті. Диалогқа қатысушылар еңбек адамдары үшін ең алдымен түсінікті әрі әділ қағидалардың болуы, өндірістегі қауіпсіздік, кәсібилікке деген құрмет және ертеңгі күнге деген сенімділік ерекше маңызды екенін атап өтті.
Жиын соңында алдағы референдум азаматтардың ел болашағын айқындауға тікелей қатысуының маңызды кезеңі болатыны айтылды. Сондай-ақ, еңбек ұжымдарының бұл бастаманы қолдауы қоғамның конституциялық өзгерістерге деген жоғары қызығушылығы мен белсенді азаматтық ұстанымын айқын көрсететіні атап өтілді.






