Қазақстан энергетиктері: Жаңа Конституция — ел дамуының болашақ бағытын айқындайтын тарихи құжат
Бүгін Астанада Қазақстан Электроэнергетикалық Қауымдастығының ұйымдастыруымен жаңа Конституция жобасына арналған кездесу өтті. Шара барысында Қазақстанның энергетиктері елдің жаңа Негізгі Заңын қолдайтынын мәлімдеді.
Шараға энергетикалық компаниялардың қызметкерлері, кәсіподақ ұйымдарының өкілдері және ҚР Парламентінің депутаттары қатысты.
Бейнебайланыс арқылы жиынға еліміздің барлық өңірлерінен энергетика кәсіпорындарының өндірістік ұжымдары қосылды. Бүгінде еліміздің энергетика саласында 100 мыңнан астам адам еңбек етеді.
Әріптестеріне Қазақстан Электроэнергетикалық Қауымдастығы директорлар кеңесінің төрағасы Бағдат Орал үндеу жасады.
Жиынға қатысушылар жаңа Конституцияның ел экономикасын өз қолымен өркендетіп жатқан жандар үшін құндылығын атап өтті.
Сонымен қатар, «Орталық-Азия Электроэнергетикалық Корпорациясы», «Атырау Жарық» компаниясы, «Алматы электр станциялары» АҚ және Екібастұз 1-МАЭС қызметкерлері жоба туралы өз пікірлерін білдірді. Олар мемлекеттің дамуына ықпал ететін жекелеген нормалардың, атап айтқанда, адами капиталдың стратегиялық маңызы, кепілдіктер мен жауапкершілік туралы айтты. Спикерлер қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне де ерекше тоқталды.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дүйсенбай Тұрғанов экология мәселесінің маңыздылығын атап өтті.
Қазақстан энергетиктері Конституцияның жаңартылған нормалары заман талабына сай екенін, олар ұлттық мақсаттарға қол жеткізуге, мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік беретінін айтты.
Кездесу соңында қатысушылар баршаны азаматтық белсенділік танытып, 15 наурызда өтетін жалпыхалықтық дауыс беруге қатысуға шақырды.