Қазақстанда референдумға дайындық аясында 71 мыңнан астам адам оқытылды
Қазақстанда республикалық референдумға дайындық аясында комиссия мүшелерін кәсіби оқыту жұмыстары жүйелі түрде жалғасып жатыр. Бүгінде бұл үдеріске ел аумағындағы аумақтық және учаскелік референдум комиссияларының 71 030 өкілі тартылған деп хабарлады Қазақстан Республикасы Орталық референдум комиссиясының хатшысы Шавхат Өтемісов.
Оның айтуынша, комиссиялардың жұмысын біріздендіру үшін Орталық референдум комиссиясы арнайы оқу-әдістемелік материалдар әзірленген. Сондай-ақ, өңірлерге әдістемелік құралдар топтамасы мен дауыс беру күніне арналған рәсімдерді түсіндіретін бейнекурс жолданған. Онда дауыс беруді ұйымдастыру тәртібі, комиссиялардың негізгі міндеттері мен іс-қимыл алгоритмдері кеңінен қамтылған.
Оқытудың алғашқы кезеңінде Орталық референдум комиссиясы аумақтық комиссиялардың тұрақты мүшелеріне арналған республикалық онлайн-семинар өткізді. Оған 821 адам қатысты. Семинар барысында құқықтық рәсімдер, комиссия жұмысын ұйымдастыру, ақпараттық сүйемелдеу және референдумды қаржылық қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
ОРК хатшысының сөзінше, өңірлік кезеңде аумақтық комиссиялардың босатылған мүшелері 908 аумақтық комиссия мүшесін, сондай-ақ учаскелік комиссиялардың төрағалары, төраға орынбасарлары мен хатшыларын оқытқан.
Қазір оқытудың үшінші кезеңі жүріп жатыр. Аумақтық комиссиялардың қолдауымен учаскелік комиссиялар қалған 38 068 мүшені даярлауда. Бұл кезеңді 13 наурызға дейін аяқтау жоспарланған.
Сонымен қатар, референдумның ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Электоралдық оқыту орталығында арнайы онлайн-семинар ұйымдастырылды. Оған аккредиттелген қоғамдық бірлестіктердің, коммерциялық емес ұйымдардың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Семинарға 500-ден астам адам қатысқан.
Осылайша, Қазақстанда референдумға дайындық аясындағы оқыту жұмыстары кең ауқымда, кезең-кезеңімен және тәжірибеге негізделген форматта жүзеге асырылуда.