Cемей-19°С
Ауа-райы
  • Абай-16°С
  • Аягөз-24°С
  • Ақсуат-14°С
  • Бородулиха-15°С
  • Қалбатау-17°С
  • Курчатов-18°С
  • Көкпекті-15°С
  • Үржар-12°С
491.59 572.16 6.24

Қазіргі тарихи кезеңде еліміз үшін ұлттың бірлігі аса маңызды – Сенат Төрағасы жаңа Конституцияға байланысты референдум туралы

Бүгін, 16:41 Думан Кенжеғазыұлы

Парламент Сенатының Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлардың жаңа Конституция жобасының нормаларын түсіндіру мақсатымен өңірлерге жасаған сапарларының қорытындысы талқыланды және халықаралық келісім ратификацияланды.

Жаңа Конституция жобасының негізгі ережелерін түсіндіру аясында сенаторлардың өңірлерге жасаған сапарларының қорытындысын талқылау кезінде Сенат Төрағасы соңғы апталарда депутаттардың қатысуымен елдің барлық облысында ауқымды аудиторияны қамтыған 600-ге жуық кездесу мен іс-шаралар өткізілгенін айтты.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының жаңа Конституция саяси институттарды жүйелі түрде жаңғыртуға және елімізді заманауи әрі тиімді басқару моделіне кезең-кезеңімен көшіруге бағытталған тарихи қадам екені туралы айтқан сөзіне назар аударды.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен соңғы жылдарда ауқымды жаңғыртулар жүзеге асырылуда. Конституциялық реформа осы жүйелі өзгерістердің дәйекті жалғасы. Бұл еліміз үшін тарихи шешім болды. Конституциялық реформаның стратегиялық мақсаты – Тәуелсіздікті күшейту, мемлекеттілікті нығайту және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру. Сондай-ақ жаңа Конституция – жаңа сын-қатерлерге уақтылы берілген жауап және мемлекеттің орнықтылығының негізі. Аталған реформа азаматтардың құқықтарын қорғауға және қоғаммен шынайы диалог орнатуға бағытталған заманауи әрі тиімді саяси модель қалыптастырады», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ адам құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттің ең жоғары құндылығы әрі негізгі басымдығы ретінде жариялау жаңа Ата Заң жобасындағы маңызды өзгерістердің бірі екені айтылды.

«Жаңа Конституция тек саяси жүйені жетілдіріп қана қоймай, мемлекеттіліктің парадигмасын түбегейлі жаңғыртады. Реформаның негізгі басымдығы – адам. Оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары ең жоғары құндылық ретінде айқындалып отыр. Осылайша, жаңа Ата Заң билік жүйесін азаматтардың мүддесін қорғаудың тиімді тетігіне айналдырады. Сенаторлар қоғам өкілдерімен, сарапшылармен, азаматтық сектор және жастармен тығыз байланыста жұмыс істей отырып, жаңа Конституцияға байланысты референдум өткізуді толық қолдайды. Еліміз үшін осы тарихи кезеңде халқымыздың бірлігі мен ынтымағы айрықша маңызға ие. Сондықтан 15 наурызда өтетін референдумға әрбір қазақстандықтың қатысуы Әділетті, әлеуметтік әрі өркендеген Қазақстан құруға қосылған үлес екені сөзсіз», – деді Сенат Төрағасы.

Палата отырысында сенаторлар «Түркі мемлекеттері ұйымының Азаматтық қорғау тетігін құру туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды да қарады. Құжат табиғи апаттарға қарсы бірлесіп әрекет етуді және дағдарыс жағдайларында түркі мемлекеттері арасындағы өзара көмекті нығайтуды көздейді. Депутаттардың айтуынша, бұл заңды қабылдау халық пен аумақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан стратегиялық маңызға ие. Ол төтенше жағдайлар кезінде Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің ресурстарын жедел жұмылдыруға мүмкіндік береді. Мұндай қадамдар өңірлік тұрақтылықты нығайтып қана қоймай, құтқару технологиялары саласындағы экспорттық мүмкіндіктерді де кеңейтеді.

«Қаралған келісім Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің аумағында апаттармен және төтенше жағдайлармен тиімді күресу үшін жасалып отыр. Осы мақсатпен бірлескен іс-шараларды үйлестіруді көздейтін тетіктер қабылданды. Жалпы, бұл заң құтқару қызметтерінің кәсіби даярлығын күшейтуге, сондай-ақ, бауырлас елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға оң ықпалын тигізеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив