«Өңір» депутаттық тобының мүшелері бейресми жұмыспен қамтуды қысқарту мәселесін талқылады
Сенаттағы «Өңір» депутаттық тобының отырысында бейресми жұмыспен қамтуды қысқарту және әлеуметтік қорғалған қоғам құру тақырыбы талқыланды. Кездесуде мемлекеттік органдардың, сарапшылар қауымдастығы мен бизнестің өкілдері бас қосты. Қатысушылар қазіргі кездегі еңбек нарығындағы жағдайды, сондай-ақ ресми жұмысқа орналасуды ынталандыру және азаматтардың әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыру тетіктерін қарады. Ресми жұмыспен қамтуды дамыту еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі шартының бірі болып табылатыны атап өтілді.
«Өңір» депутаттық тобының жетекшісі Серік Шайдаров өз сөзінде адамдарды ресімдемей жұмысқа алу ауқымын азайтуға және халықты әлеуметтік қорғаудың тиімді жүйесін қалыптастыруға бағытталған кешенді шаралар әзірлеудің маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, еңбек нарығын реттеу тетіктерін жетілдіру, жұмыспен қамтудың икемді түрлерін дамыту және ресми жұмысқа орналасу азаматтарға неғұрлым тиімді және қолжетімді болатын жағдай жасау ерекше маңызды болып отыр.
«Әлеуметтік қорғалған қоғамды қалыптастыруда ресімдемей жұмысқа алуды қысқарту маңызды қадам болып табылады. Ол үшін еңбек заңнамасының сақталуын бақылауды күшейтумен қатар, қызметкерлер мен жұмыс берушілер үшін ресми жұмыспен қамту неғұрлым тартымды болатын жағдай жасау қажет. Біз цифрлық сервистерді дамыту, бизнесті тіркеу рәсімдерін жеңілдету және азаматтарды әлеуметтік қорғау мүмкіндіктерін кеңейту туралы айтып отырмыз», - деп атап өтті Серік Шайдаров.
Отырыс барысында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, қаржы, ауыл шаруашылығы, экономика министрліктерінің, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының, сондай-ақ өңірлік атқарушы органдардың өкілдері сөз сөйледі. Қатысушылар еңбек заңнамасын жетілдіру, электрондық еңбек шарттарын енгізу, жұмыспен қамтудың икемді түрлерін дамыту және азаматтардың құқықтық сауатын арттыру мәселелерін талқылады.
Отырыс қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға заңды жұмыспен қамтуды ынталандыруға, бизнеске әкімшілік кедергілерді азайтуға және қызметкерлерді әлеуметтік қорғау шараларын кеңейтуге бағытталған ұсынымдар әзірленді.