Мемлекет бизнеске жаңа мүмкіндіктер береді: ашық деректер және Жасанды интеллект шешімдеріне арналған инфрақұрылым
Бүгін Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің өкілдері IT-қоғамдастықпен ашық диалог форматында кездесу өткізді. Кездесудің басты мақсаты - бизнеске, стартаптарға және тәуелсіз әзірлеушілерге мемлекеттік қолдау шаралары, сапалы деректерге қолжетімділік және отандық ЖИ өнімдерін жасауға арналған есептеу қуаттары туралы толық ақпарат беру болып табылады.
«Презентация + демо» форматындағы кездесу нарық өкілдеріне технологиялық дамуды жеделдету үшін мемлекет ұсынып отырған нақты құралдарды көруге мүмкіндік берді. Мемлекет әзірлеушілер үшін сервистік серіктеске айналып, ЖИ құру үшін аса қажетті ресурстарға - сапалы мемлекеттік деректер мен оларды өңдеу қуаттарына жол ашты.
Вице-министр Дмитрий Мун ведомствоның мемлекеттік ақпараттық ресурстар мен әзірлеушілер топтары арасындағы кез келген кедергілерді жоюға ұмтылатынын атап өтті. Енді стартаптар мен компаниялар дайын деректер жиынтығын пайдаланып қана қоймай, өз өнімдеріне қажетті нақты ақпаратты министрліктен тікелей сұрата алады. Дмитрий Мунның айтуынша, егер модельді оқыту үшін ерекше деректер жетіспесе, сұраныс қалдыруға болады, ал министрлік қажетті ақпаратты дайындауға көмектеседі. Бұл үшін министрлік «ҰАТ» АҚ-мен бірлесіп құрған Ashyq Data порталы ыңғайлы құралға айналды. Қазірдің өзінде порталда жылжымайтын мүлік сараптамасынан бастап медициналық көрсеткіштерге дейінгі екі жүзге жуық датасет еркін қолжетімділікте тұр, оның 73-і - алғаш рет жарияланған эксклюзивті жиынтықтар. Деректер апта сайын жаңарып тұрады және тегін беріледі. Вице-министр Дмитрий Мун бұл порталды 120-дан астам мемлекеттік базаны біріктіретін дербестендірілмеген деректердің орталықтандырылған «витринасы» ретінде таныстырды.
Дегенмен, салмақты ЖИ өнімдерін жасау үшін тек деректер ғана емес, оларды өңдейтін ресурстар да маңызды. Әзірлеушілерді қолдау мақсатында Astana Hub бас директорының кеңесшісі Ілияс Мақашев AlemLLM платформасын таныстырды. Бұл - компанияларға нейрожелілерді оқыту үшін есептеу қуаттарына ыңғайлы өтінім беру жүйесі арқылы қол жеткізуге мүмкіндік беретін сервис. Кездесуде тікелей эфир режимінде тіркелуден қалай тез өтуге және жобалар үшін платформа ресурстарын пайдалануды қалай бастауға болатыны көрсетілді.
Сондай-ақ, кездесуде алдағы жылдары ЖИ-дің мемлекет үшін қай салаларда пайдалы болатыны талқыланды. Цифрлық үкіметті қолдау орталығының бас директоры Әлия Оспанова алдағы үш жылға арналған мемлекеттік қызметтерді цифрландыру жоспарларымен бөлісті. Бұл бизнеске қай шешімдерге сұраныс болатынын және қазіргі уақытта ел үшін қандай міндеттер өзекті екенін түсінуге көмектеседі. «Біздің негізгі міндетіміз - цифрландыру саласындағы ашықтықты қамтамасыз ету және бүкіл IT-нарық үшін деректерге тең қолжетімділік беру. Біз мемлекеттік органдардың дайын әрі әзірленген бизнес-процестерін және бекітілген IT-жоспарларын жарияладық. Енді әрбір IT-компания мемлекеттік органның қандай деректері (атрибуттары) цифрландырылғанын, ал қайсысы әлі жоқ екенін көре алады», - деп атап өтті Әлия Оспанова.
Кездесу қызу пікірталаспен аяқталды: IT-бизнес өкілдері спикерлерге өздерін толғандырған сұрақтарын қоя алды. Қатысушыларды деректерді алудың техникалық қыр-сыры, ынтымақтастық тетіктері және бірлескен пилоттық жобаларды іске қосудың нақты қадамдары қызықтырды. Спикерлер әрбір сұраққа толыққанды жауап беріп, мұндай кездесулер тұрақты түрде өткізілетінін айтты. Бұл диалог мемлекеттің нарық үшін сенімді ресурс жеткізушісі болуға дайын екенін көрсетті, бұл Қазақстанда идеядан дайын ЖИ-сервисіне дейінгі жолды айтарлықтай қысқартып, барлығына түсінікті етеді.