Сенатта ішкі және сыртқы көші-қонның өзекті мәселелері талқыланды
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатында «Халықтың ішкі және сыртқы көші-қонының өзекті мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Шара Сенат депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіптің төрағалығымен ұйымдастырылды. Талқылауға Сенат депутаттары, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ішкі істер, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрліктерінің, ҰҚК Шекара қызметінің өкілдері, сондай-ақ өңір әкімдіктері мен халықаралық ұйымдардың мүшелері қатысты.
Нұртөре Жүсіп көші-қон үдерістері демографиялық жағдайға, еңбек нарығына және өңірлердің тұрақты дамуына айтарлықтай әсер ететінін атап өтті.
«Бүгінгі таңда көші-қон - ең қарқынды әлеуметтік-экономикалық үдерістердің бірі. Ол демографияға, өңірлердің дамуына және еңбек нарығының жай-күйіне тікелей ықпал етеді. Сондықтан көші-қон саясаты саласында тиімді әрі теңгерімді шешімдер әзірлеу маңызды», - деді сенатор.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитетінің төрағасы Эльдар Күзенбаев өз баяндамасында ішкі және сыртқы көші-қонның қазіргі үрдістері мен осы саладағы мемлекеттік саясатты жетілдіру шараларын баяндады.
Талқылау барысында ІІМ Көші-қон қызметі комитетінің және ҰҚК Шекара қызметінің өкілдері де сөз сөйледі. Қатысушылар көші-қон ағындарын реттеу, заңсыз көші-қонның алдын алу, еңбек мигранттарының құқықтарын қорғау және ведомствоаралық іс-қимылдың тиімділігін арттыру мәселелерін талқылады.
Жиынды қорытындылай келе, Нұртөре Жүсіп көші-қон саясатын жетілдіру үшін мемлекеттік органдар мен сарапшылар қауымдастығының күш-жігерін біріктіру қажеттігін айтты.
«Бүгінде көші-қон үдерістерін реттеуге, өңірлік дамуды қолдауға және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға жағдай жасауға бағытталған кешенді шешімдер қабылдау ерекше маңызды», - деп түйіндеді сөзін Комитет төрағасы.