Абай облысында «Бақты – Аягөз» теміржол жобасының іске асырылу барысы талқыланды
Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов Абай облысына жұмыс сапары аясында облыс әкімінің орынбасары Серік Төленбергеновпен бірлесіп «Бақты – Аягөз» теміржол жобасын іске асыру мәселелері бойынша кеңес өткізді.
Сондай-ақ кеңеске «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, «Самұрық-Қазына» АҚ өкілдері, бас мердігер China Harbour Engineering Company Ltd. компаниясы және жобалаушы ұйым өкілдері қатысты.
Жиын барысында жобаның іске асырылу барысы, сондай-ақ жобаға қатысушы барлық тараптардың жұмысын үйлестіру мәселелері талқыланды.
«Бақты – Аягөз» жобасы елдің көлік инфрақұрылымын дамыту және Транскаспий бағытындағы трансқазақстандық теміржол дәлізін қалыптастыру тұрғысынан стратегиялық маңызға ие. Теміржол желісінің жалпы ұзындығы 303 шақырымды құрайды. Жоба аясында 11 бөлек пункт, 68 көпір құрылысы және 355 су өткізу құбырын салу жоспарланған.
Құрылысты 2027 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Бүгінде инженерлік іздестіру жұмыстары толық аяқталып, Ай, Шолпан, Үржар және Бақты учаскелерінде төрт вахталық қалашық салынды.
Вице-министр жобаны белгіленген мерзімде іске асырудың маңыздылығын атап өтіп, құрылысқа қатысушы барлық тараптың тиімді әрі үйлесімді жұмыс істеуі қажет екенін атап өтті. Көлік министрлігі жобаның іске асырылуын «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, мердігер ұйымдар және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп тұрақты бақылауда ұстап отыр.