Абай облысында «Семейдің мәдени маусымдары» жобасы басталды
Биыл Наурыз мейрамы жалпыұлттық «Наурызнама» онкүндігі аясында әзірленген іс-шаралар жоспарына сәйкес атап өтіледі. 14 наурыз – Амал мерекесіне орай Семей қаласындағы Қарағайлы ықшам ауданындағы республика алаңында «Семейдің мәдени маусымдары» жобасы шеңберінде «Семей көктемі» фестивалі ұйымдастырылды.
Алаңда сахна құрылып, киіз үйлер тігілді. Фестиваль театрландырылған көрініспен басталып, онда үлкендер мен жастар көрісіп, «Амал құтты болсын!» деп қауышу дәстүрі мен аластау рәсімі көрсетілді.
Мерекелік шараға қатысқан облыс әкімі Берік Уәли жиналған жұртшылықты алда келе жатқан Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен құттықтады.
Облыс әкімі өңірде аймақтың мәдени өміріне тың серпін беретін жаңа бастама «Семейдің мәдени маусымдары» атты ауқымды жобаның басталғанын жария етті.
Аймақ басшысы шара барысында Семейді көркейту бағытындағы жұмыстардың қарқынды түрде жалғасып, бірнеше есеге ұлғаятынын, биыл 100 аула абаттандырылып, осынша аулаға асфальт төселетінін, 100 көшеге орташа жөндеу жүргізіліп, осынша көше жарықтандырылатынын айтты. Айта кетейік, былтыр 35 аула абаттандырылып, 40 аулаға асфальт төселіп, 52 көшеге орташа жөндеу жасалып, 15 көше жарықтандырылған болатын.
Мерекелік концертте өңір өнерпаздары мен шығармашылық ұжымдар өнер көрсетті. Айта кетейік, «Наурызнама» тұжырымдамасына сәйкес өткізілетін 10 күндік аясында облыс бойынша 300-ден астам мәдени, әлеуметтік және спорттық іс-шара ұйымдастыру жоспарланған.










