Cемей1°С
Ауа-райы
  • Абай-16°С
  • Аягөз-24°С
  • Ақсуат-14°С
  • Бородулиха-15°С
  • Қалбатау-17°С
  • Курчатов-18°С
  • Көкпекті-15°С
  • Үржар-12°С
491.29 562.92 6.1

Сенат Төрағасы: референдумның нәтижесі Мемлекет басшысының саяси бағдары бүкілхалықтық қолдауға ие екенін көрсетті

Бүгін, 15:50 Думан Кенжеғазыұлы

Бүгін Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата Бюросының отырысы өтті. Онда депутаттар 19 наурызда өтетін Сенат отырысының күн тәртібін айқындап, Палатаның іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру аясындағы міндеттерді талқылады.

Отырысты ашқан Сенат Төрағасы республикалық референдум еліміздің ұзақмерзімді дамуының бағыт-бағдарын айқындаған тарихи оқиға болғанын атап өтті. Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев сенаторларға өңір тұрғындарымен кездесіп, конституциялық нормаларды түсіндіру жұмысына белсенді қатысқаны және реформаның ашықтығын қамтамасыз етуге қосқан үлестері үшін алғыс білдірді. Бүгін Орталық референдум комиссиясы ұсынған алдын ала нәтижелерге сәйкес, референдумға қатысқан азаматтардың 87,15 пайызы жаңа Конституцияны қабылдауды қолдап дауыс бергені белгілі болды.

«Референдумның алдын ала нәтижелеріне сәйкес, дауыс берген азаматтардың басым көпшілігі жаңа Конституцияға қолдау білдірді. Осылайша, 15 наурыз тарихымызға еліміздің стратегиялық даму бағдарын айқындаған күн ретінде еніп отыр. Президентіміз Қасым‑Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, қазақстандықтар жаңару мен жаңғыру үшін дауыс берді. Референдум нәтижесі азаматтарымыз Мемлекет басшысының реформаларын қолдайтынын және ел болашағына бейжай қарамайтынын көрсетті. Халықтың белсенділігі мен жоғары азаматтық жауапкершілігі – Тәуелсіз Қазақстанның демократиялық дамуының берік кепілі. Сондай-ақ дауыс берушілер саны бойынша ең жоғары рекордтық көрсеткіш тіркелген жалпыұлттық референдумның ашық әрі әділ өткенін және барлық заң талаптары қатаң сақталғанын атап өткен жөн», – деді Мәулен Әшімбаев.

Бекітілген күн тәртібіне сәйкес, алдағы бейсенбіде сенаторлар «Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияның 50 а)-бабын өзгертуге қатысты хаттаманы және Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияның 56-бабын өзгертуге қатысты хаттаманы ратификациялау туралы» заңды қарайды. Ұсынылып отырған өзгерістер Халықаралық азаматтық авиация ұйымы кеңесінің құрамын 36-дан 40 мемлекетке дейін ұлғайтуға бағытталған. Бұл мүше мемлекеттердің неғұрлым әділ, теңгерімді әрі географиялық тұрғыдан кеңірек өкілдік етуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ техникалық сараптаманы күшейту және ұйымның нормашығару қызметінің тиімділігін арттыру мақсатымен Аэронавигациялық комиссия құрамын 19-дан 21 мүшеге дейін көбейту көзделіп отыр.

Сонымен қатар Палата отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қауіпсіз еңбек жағдайларын жетілдіру, жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қаралады. Құжаттың мақсаты – жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау саласындағы ұлттық заңнаманы жетілдіру. Заң еңбекті және азаматтарды әлеуметтік қорғауды басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған. Осыған байланысты Еңбек кодексіне, Әлеуметтік кодекске, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске, сондай-ақ «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы», «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» және «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

Бұдан бөлек, Сенат отырысының күн тәртібіне «Бір тараптан ҚР Үкіметі және екінші тараптан Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі, Халықаралық Қаржы Корпорациясы мен Инвестициялар Кепілдігінің Көпжақты Агенттігі арасындағы ҚР орнықты дамуына және өркендеуіне жәрдемдесу мақсатында ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі әріптестік туралы негіздемелік келісімді ратификациялау туралы» заң және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясын қызметінен босату туралы мәселе шығарылды.

Бюро отырысында осы аптада өткізілетін іс-шаралар да пысықталды. Атап айтқанда, алдағы күндерде атом өнеркәсібін дамыту, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттардың қызметін жетілдіру және өзге де өзекті мәселелер қаралады.

Сондай-ақ депутаттар бұған дейін Парламент Мәжілісі қабылдаған заңдарды Сенат комитеттеріне бөліп берді.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив