Ұлттық тағамдар фестивалі – дәстүрді дәріптеген мереке
Абай гарнизонындағы 63310 әскери бөлімінде Наурызнама онкүндігі аясында 16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күніне орай «Ұлттық тағамдар фестивалі» ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты – ұлттық құндылықтарды дәріптеу, қазақ халқының салт-дәстүрін насихаттау және әскери қызметшілер арасында бірлікті нығайту.
Фестиваль барысында әскери қызметшілер бірнеше «ауыл» құрып, өзара сайысқа түсті. Қатысушылар әрқайсысы өз ауылдарын ерекше таныстырып, ұлттық нақышта безендірді. Сондай-ақ әр ауыл қазақтың дәстүрлі тағамдарын ұсынып, олардың дайындалу ерекшеліктері мен мән-маңызын таныстырды.
Сайыс барысында қатысушылар бірнеше критерий бойынша бағаланды. Атап айтқанда, ұлттық тағамдардың түр-түрін әзірлеу, ауылды ұлттық нақышта безендіру, қазақтың салт-дәстүрлерін көрсету және үздік ұлттық киім үлгісін таныстыру сынды талаптар бойынша өз өнерлерін ортаға салды.
Мерекелік шара барысында әскери бөлім аумағында ән шырқалып, ұлттық ойындар ұйымдастырылды. Сонымен қатар қазақ халқының бай мұрасын танытатын түрлі салт-дәстүрлер көрсетіліп, мерекенің көркін қыздырды. Бұл шара әскери қызметшілерге көтеріңкі көңіл күй сыйлап, ұлттық рухты арттырды.
Фестиваль қорытындысы бойынша үздік деп танылған ауылдар анықталып, жеңімпаздар арнайы марапаттарға ие болды. Ұлттық тағамдар фестивалі әскери қызметшілердің ұйымшылдығын арттырып қана қоймай, халқымыздың мәдениеті мен дәстүрін насихаттауға үлкен үлес қосты.
Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметі





