Семей қаласындағы №3 мектепте жасөспірімдер арасындағы радикалдану белгілерінің алдын алуға арналған практикалық семинар ұйымдастырылды. Іс-шараға педагогтер, білім беру саласының мамандары мен сарапшылар қатысып, оқушылардың мінез-құлқындағы алаңдатарлық белгілерді ерте анықтау және олардың деструктивті ағымдарға тартылуының алдын алу жолдарын талқылады.
Абай облысының Дін мәселелерін зерттеу орталығының директоры Мақсат Өмірханов радикализмді ерте диагностикалау мен алдын алу мәселесіне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, медицинадағыдай, кез келген қауіпті құбылыстың алдын алу оны кейін түзетуден әлдеқайда тиімді.
– Қазіргі таңда радикалдануды ерте анықтау аса маңызды. Мектептерде буллинг, ерте радикалдану сияқты түрлі маркерлер байқалады. Бұрын бұл мәселе 17–18 жастағы жасөспірімдер арасында жиі кездессе, бүгінде әлеуметтік желілерде радикалды сипаттағы материалдарды жариялайтын балалардың жасы айтарлықтай жасарып отыр. Осы тұрғыда мектеп психологтарының рөлі ерекше. Олар оқушылардың психологиялық ахуалын бағалап, тиісті қорытынды негізінде алдын алу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді. Ең тиімді тәсіл – алдын алу, – деді Мақсат Өмірханов.
Абай облысы білім басқармасының тәрбие жұмысы және балалардың құқықтарын қорғау бөлімінің бас маманы Елдос Сүлеймен педагогтердің балалардың мүддесі мен психологиялық саулығын қорғаудағы маңызды рөлін атап өтті.
– Жастар радикализм мен деструктивті идеялардың ықпалына тез түсуі мүмкін, әсіресе мұндай мазмұн әлеуметтік желілерде кеңінен таралған жағдайда. Сондықтан педагогтер мен психологтар ерекше назарда болуы тиіс, себебі олар мінез-құлықтағы өзгерістерді алғашқылардың бірі болып байқап, дер кезінде тиісті шара қабылдай алады. Бүгінгі семинар барысында осы мәселелерді педагогикалық қауымдастықпен жан-жақты талқылаймыз, – деді Елдос Сүлеймен.
Семинар қатысушылары жасөспірімнің деструктивті ортаға тартылуы бір сәтте орын алмайтынын, бұл ішкі психологиялық күйзелістер мен әлеуметтік ортаның әсерінен қалыптасатын ұзақ процесс екенін атап өтті.
– Бұл ретте фрустрация жағдайының маңызы зор. Яғни, адамның маңызды қажеттіліктерін қанағаттандыра алмауынан туындайтын күйзеліс, уайым, мазасыздық сезімдері жасөспірімдер үшін аса қауіпті. Өйткені олардың психикасы әлі де тұрақсыз әрі күйзеліске төзімділігі төмен. Осындай кезеңде жасөспірім өзін түсінетін, жақын көрінетін адамдарға сенім артып, олардың ықпалына оңай түседі. «Мен кіммін?», «Бұл өмірдегі орным қандай?», «Мені кім түсінеді?» деген сұрақтарға жауап іздеу барысында олар деструктивті ықпалға осал келеді, – деп атап өтті спикерлер.
Семинар қорытындысында қатысушылар радикалданудың алдын алуда ерте профилактика жүргізу, сондай-ақ ата-аналар мен педагогтер тарапынан жасөспірімдермен сенімді қарым-қатынас орнату шешуші рөл атқаратынын жеткізді.