Cемей-4°С
Ауа-райы
  • Абай-16°С
  • Аягөз-24°С
  • Ақсуат-14°С
  • Бородулиха-15°С
  • Қалбатау-17°С
  • Курчатов-18°С
  • Көкпекті-15°С
  • Үржар-12°С
479.02 551.11 5.82

Семейдегі NIS психологі оқушылардың академиялық жетістігін арттыруға бағытталған жоба әзірледі

Бүгін, 10:27 Думан Кенжеғазыұлы

Қазіргі білім беру жүйесінде табысты оқушы ұғымы тек үлгерім көрсеткіштерімен өлшенбейді. Баланың ішкі күйі, эмоциялық тұрақтылығы және қоршаған ортамен қарым-қатынасы да оның академиялық жетістігінің негізгі құрамдас бөлігіне айналды. Осы мақсатта Семей қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің педагог-психологі Жадыра Бейсембаева тың бастама көтеріп, оқушылардың оқу жетістігін арттыруға арналған авторлық жоба әзірледі.     

Психолог ұсынған «Оқушылардың академиялық жетістігін психологиялық-педагогикалық қолдаудың интегративті моделі» атты жоба республикалық «Үздік жыл психологі» байқауында кәсіби қауымдастық тарапынан жоғары бағаланып, ІІ орынға ие болды. Байқауда еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған жүзден астам маман өз тәжірибесін ортаға салды.         

 Жадыра Бейсембаеваның айтуынша, бағдарламаның идеясы мектептегі күнделікті қажеттіліктен туындаған.

- Мектеп психологі ретінде жұмысымды бастағанда оқу үлгерімінің төмендігі бұрынғыдай тек оқушының немесе мұғалімнің жауапкершілігімен түсіндіру жеткіліксіз екенін аңғардым. Көп жағдайда «жалқаулық» немесе «тәртіпсіздік» деп қабылданатын мінез-құлықтың астарында шамадан тыс оқу жүктемесі, ата-ана үмітін ақтай алмау қорқынышы мен баланың ішкі күйзелісі жатады, - дейді жоба авторы.

Екі жылға жуық уақыт ішінде әзірленген бағдарлама алдымен тәжірибелік кезеңнен өткен. Жекелеген оқушымен жүргізілген жұмыс нақты нәтиже беріп, тек эмоционалдық жағдайдың ғана емес, оқу көрсеткіштерінің де жақсарғанын көрсетті. Осыдан кейін әдістеме ауқымы кеңейтіліп, жүйелі модель ретінде қалыптасты.Жобаны әзірлеу барысында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Балалардың игілігі департаменті әдістемелік қолдау көрсетіп, жұмыстың жүйелі жолға қойылуына ықпал етті.        

Бағдарлама мектепті тұтас жүйе ретінде қарастыратын көпдеңгейлі қолдау қағидатына негізделген. Мұнда оқушы, мұғалім және ата-ана бір-бірімен тығыз байланыста әрекет ететін орта қалыптастырылады. Модель төрт негізгі бағыттан тұрады. Алғашқы бағыт – диагностика. Бұл кезеңде оқушылардың эмоциялық жай-күйі мен оқу мотивациясы арнайы ғылыми әдістемелер (Филлипстің мектептегі мазасыздықты анықтау тесті, Реан–Якунин сауалнамасы) арқылы анықталады. Екінші бағыт – оқушылардың өз эмоциясын басқару дағдыларын дамыту. Мұнда жасөспірімдер күйзеліспен күресу, мазасыздықты төмендету және ішкі мотивацияны қалыптастыру жолдарын меңгереді. Үшінші бағыт педагогтерге арналған. «Бағалаудағы эмпатия» воркшопы мұғалімдерге бағаны қысым құралы емес, оқушының дамуына бағытталған тиімді кері байланыс ретінде қолдануды үйретеді. Ал төртінші бағыт ата-аналармен жұмысты қамтиды. Бұл бөлімде отбасындағы қолайлы психологиялық орта құру мен баламен сенімді қарым-қатынас орнату мәселелері басты назарға алынады.           

Авторлық бағдарламаның тағы бір ерекшелігі – оның цифрлық форматта жүзеге асырылуы. Осы мақсатта «Проект Я» атты веб-платформа әзірленіп, онда оқушыларға арналған интерактивті жоспарлау құралы – «Супер-планер», күйзелісті жеңуге арналған жаттығулар, сондай-ақ мұғалімдер мен ата-аналарға арналған мультимедиялық материалдар жинақталған.       

Бағдарламаны енгізу нақты нәтижелер көрсетті. Зерттеу деректеріне сәйкес, мектептегі мазасыздық деңгейі 20 пайызға төмендеп, оқу мотивациясы 25 пайызға артқан. Ал орташа академиялық көрсеткіш 8 пайызға өскен. 

- Біздің басты мақсатымыз – оқу барысындағы қиындықтарды бала үшін күйзеліс көзі емес, даму мүмкіндігіне айналдыру. Өйткені шынайы академиялық табыс ең алдымен баланың психологиялық әл-ауқатымен тығыз байланысты, -  дейді Жадыра Бейсембаева.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив