Семей қаласында Ұлттық киім күні атап өтілді
Семей қаласындағы бизнес және сервис колледжінде Наурыз мерекесі қарсаңындағы Наурызнама онкүндігі аясында Ұлттық киім күніне арналған мерекелік іс-шара өтті.
Іс-шара барысында студенттер қонақтарға ұлттық киім элементтерін өз қолдарымен тігіп, пішу және құрастыру бойынша дағдыларын көрсетті. Сонымен қатар, көшпелі тұрмысқа тән бұйымдар да таныстырылды.
Колледждің өндірістік оқыту шебері Гаухар Жаныбек көрме мен сән көрсетілімінде білім алушылардың өз қолымен жасаған жұмыстары ұсынылғанын атап өтті.
Іс-шара барысында «Қоғамдық келісім» қоғамдық бірлестігінің қолдауымен киіз басу бойынша шеберлік сағаты ұйымдастырылды. Сондай-ақ, колледж студенттері өздері тіккен киім үлгілерін таныстырып, сән көрсетілімін өткізді.
Облыстық Достық үйі жанындағы «Қоғамдық келісім» орталығының өкілдері мұндай бастамалардың маңыздылығын атап өтті.
Қазақтың дәстүрлі киімдері көшпелі өмір салтының ерекшеліктерін, табиғи-климаттық жағдайларды және қоғамның әлеуметтік құрылымын бейнелейді. Ер адамдар шапан, тақия және былғары аяқ киім кисе, әйелдер камзол, кестелі көйлек, сондай-ақ сәукеле мен кимешек сияқты бас киімдерді пайдаланған.
Бұл күні еліміздің барлық өңірлерінде тақырыптық акциялар, флешмобтар мен мәдени іс-шаралар ұйымдастырылуда. Тұрғындар ұлттық киімді жұмысқа, оқу орындарына және күнделікті өмірде киіп, дәстүр мен ұлттық бірегейлікті сақтауға өз үлестерін қосып жатыр.






