Cемей-1°С
Ауа-райы
  • Абай-16°С
  • Аягөз-24°С
  • Ақсуат-14°С
  • Бородулиха-15°С
  • Қалбатау-17°С
  • Курчатов-18°С
  • Көкпекті-15°С
  • Үржар-12°С
482.32 553.37 5.63

Қазақстан мен Моңғолия сауда кеңселерін ашпақ

Бүгін, 14:59 Думан Кенжеғазыұлы

Екі ел бір-бірінің нарығында өз өнімдерін тікелей ілгерілетуге ниетті. Қазақстан Улан-Баторда, ал Моңғолия Алматыда сауда алаңдарын іске қосуды жоспарлайды. Бұл бизнеске делдалсыз жұмыс істеуге және жаңа серіктестер табуға мүмкіндік береді.

Бұл бастама Улан-Баторда өткен Қазақстан-Моңғолия сауда және инвестициялар күні аясында қаралды. Іс-шараға ҚР Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова, Моңғолияның экономика және даму вице-министрі С. Даваасурэн, Қазақстанның Моңғолиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Алмас Сейтақынов, сондай-ақ екі елдің кәсіпкерлері қатысты.

Тараптар ауыл шаруашылығы мен тамақ өнеркәсібі бойынша ынтымақтастықты күшейтуге келісті. Әсіресе астық пен өңделген өнімдерге назар аударылды. Қазақстан Моңғолияға арпа, ұн, май өнімдері, күріш және кондитерлік өнімдер жеткізуді арттыруды қарастырып жатыр.

«Қазақстан азық-түлік жеткізуді ұлғайтуға дайын. Сонымен қатар мал шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бойынша бірлескен жобаларға қатысуға ниеттіміз. Біз үшін тек шикізат жеткізу емес, толық өңдеу тізбегін құру маңызды. Яғни еттен бастап, жүн мен былғары өнімдеріне дейін. Бұл жоғары қосылған құны бар өнім көлемін арттырып, экспортты кеңейтуге мүмкіндік береді. Келісімнің барлығы сәуір айында Астанада өтетін үкіметаралық комиссия отырысында қаралады»,-деді Айжан Бижанова.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Моңғолия арасындағы сауда көлемі 133 млн доллардан асты. Тараптардың айтуынша, бұл толық әлеуетті көрсетпейді. Алдағы уақытта көрсеткіш 500 млн долларға дейін жетуі мүмкін.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив