Наурыз мейрамы Абай облысында кең көлемде атап өтіліп жатыр
Абай облысында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы кең көлемде атап өтілуде. Той-думан тек 22 наурызбен шектелмей, мерекені ұлттық жаңғыру кезеңіне айналдыру мақсатында Мемлекет басшысы бекіткен «Наурызнама» тұжырымдамасына сәйкес Наурызнама онкүндігі аясында ұйымдастырылды. Бұл күндері өңірде ұлттық салт-дәстүрлеріміз жаңғырып, мәдени, қайырымдылық және ағартушылық іс-шаралар өткізілді.
Облыс орталығы – Семей қаласындағы Наурыз мейрамының шаралар легі орталық алаңда театрландырылған қойылымымен басталды.
Облыс әкімі Берік Уәли өңір жұртшылығын Наурыз мейрамымен құттықтады.
Облыс әкімі өз сөзінде биылғы Наурыз мейрамы «Семейдің мәдени маусымдары» атты жаңа жоба аясындағы «Семей көктемінің» негізгі шараларының бірі ретінде аталып өтіп жатқанын айтты. Сондай-ақ, биыл облыс орталығы – Семей қаласында жүзеге асырылатын ауқымды жобалар мен игі бастамаларға тоқталды.
«Биыл өңіріміз үлкен құрылыс алаңына айналады. Мемлекет басшысының бастамасымен «Абайға құрмет» акциясы басталып, жақында Үкіметтің арнайы қаулысы шыққанын білесіздер. Өткен жылы біз жыл бойы облыстармен, ұлттық компаниялармен, республикадағы басқа да беделді ұйымдармен қажетті құрылыстарды келісу, жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу, өкімет қаулысын әзірлеу жұмыстарымен айналыстық. Енді толықтай құрылыс жұмыстарына кірісеміз», – деді Берік Уәли.
Семейдегі негізгі мерекелік шаралар қаланың орталық алаңында өтті. Мұнда 12 киіз үй тігіліп, әр киіз үйге Абай, Шәкәрім, Әнет баба, Біржан-Сара айтысының 155 жылдығы, сондай-ақ, биыл мерейтойлары атап өтіліп жатқан Әлихан Бөкейхан, Ыбырай Алтынсарин, Исатай Тайманұлы, Қажымұқан Мұңайтпасұлы, Қайым Мұхамедханов, Жамбыл Жабаев, Дина Нұрпейісова, Ермек Серкебаев сынды тарихи тұлғалардың аттары берілген.
Барлық киіз үйлерде қазақ халқының дәстүрлі салт-дәстүрлері кеңінен көрсетіліп, қолөнер шеберлерінің көрмелері ұйымдастырылған. Қаладағы Арбат аумағында арнайы тақырыптық алаңдар жұмыс істеп тұр. Жастарға арналған алаңда түрлі шеберлік сағаттары, викториналар, квесттер мен шығармашылық байқаулар өтуде. Сонымен қатар IT және жасанды интеллект мүмкіндіктерін таныстыратын алаң ұйымдастырылып, жаңа технологиялар бойынша танымдық бағдарламалар ұсынылуда. Ұлттық спорт алаңында қазақ күресі, арқан тарту, аударыспақ, қой көтеру сияқты дәстүрлі спорт түрлерінен жарыстар өтті.
Облыс әкімі киіз үйлерді аралап, арнайы әзірленген тақырыптық алаңдарды көріп, жұртшылықты мерекемен құттықтады.
Орталық алаңдағы күндізгі концерттік бағдарламада Тоқтар мен Бейбіт, AGUGAI және «Жігіттер» тобы жұртшылыққа мерекелік көңіл-күй сыйлады. Кешкі концерттік бағдарламада Диана Исмайл, Әлем, Баян сұлу өнер көрсетеді.
Облыс орталығының әр аумағындағы ықшамаудандар да назардан тыс қалмаған. Атап айтқанда, М.Әуезов алаңы, теміржол вокзалы, Қарағайлы шағын ауданы, «Асима» сауда үйі маңы және тері-былғары зауыты аумағында барлығы 18 киіз үй орнатылып, тұрғындарға арналған мерекелік іс-шаралар өткізілуде.










