Семей қаласында сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін жаңғырту бойынша жобалар жоспарланған
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихаты аясында Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Абай облысы бойынша департаментінің басшысы Мадиев Мейір 2026 жылдың І тоқсанындағы атқарылған жұмыстардың қорытындылары мен «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының өңірде іске асырылу барысы туралы баяндады.
Спикердің айтуынша, департамент бүгінгі таңда 36 табиғи монополия субъектісінің қызметін реттейді. Оның ішінде сумен жабдықтау және су бұру, электр және жылумен жабдықтау, сондай-ақ кірме жолдар салалары қамтылған.
Әкімшілік бақылау бағытында І тоқсанда 7 субъектке қатысты 11 әкімшілік іс қозғалып, жалпы сомасы 41,7 млн теңге айыппұл салынған.
Ұлттық жоба аясында өңірде бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, «Теплокоммунэнерго» МКК, «Семей су арнасы» МКК және «БЭСК» АҚ тарапынан ондаған жобалар іске асырылмақ. Сонымен қатар Семей, Курчатов және Аягөз қалаларында кәріз-тазарту құрылыстарын салу жоспарланған.
Тарифтік саясатқа қатысты спикер Үкімет тарапынан қабылданған шешімдерге тоқталды. Оның айтуынша, 2026 жылдың наурыз айының соңына дейін енгізілген мораторий халыққа түсетін жүктемені төмендетуге мүмкіндік берді. Алдағы кезеңде тарифтер кезең-кезеңімен, әлеуметтік тұрғыдан теңгерімді түрде қаралатын болады.