Семей қаласында спорт саласы бойынша ауқымды және кешенді іс-шаралар жоспарланған
Ағымдағы жылы Семей қаласында дене шынықтыру және спорт саласын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылмақ. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қуат Исажанов хабарлады.
Аталған жоспарға сәйкес, биыл қалада көптеген спорттық іс-шара өткізу көзделіп отыр. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 38,9%-ға артық. Қазіргі таңда 40-тан астам жарыс ұйымдастырылып үлгерді. Олардың қатарында баскетболдан әуесқойлар лигасы, футзал жарыстары, сондай-ақ «Наурыз» мерекесіне арналған қазақ күресі, қол күресі, гір көтеру және асық ату турнирлері бар.
Бұдан бөлек, қала тұрғындарын спортқа кеңінен тарту мақсатында «Баршаға арналған спорт» жобасы жалғасады. Жоба аясында мамыр-қыркүйек айлары аралығында қаладағы ашық алаңдарда 10 спорт түрі бойынша 100 тегін жаттығулар өткізіледі.