Абай облысында көктемгі әскерге шақыру науқаны жалғасуда
Абай облысында Қарулы күштердің қатарын жас буынмен толықтыруға бағытталған көктемгі шақыру науқаны жоспарлы түрде басталды. Бұл маңызды науқан жергілікті әскери басқару органдарының бастамасымен және барлық атқарушы органдардың бірлескен қатысуымен жүзеге асырылуда.
Абай облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары, подполковник Мейірхат Саябаевтың айтуынша, қазіргі таңда жастар арасында әскери қызметке деген қызығушылық артып келеді. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде әскер қатарына баруға ниет білдірушілер саны көбейген.
Сонымен қатар, ол шақыру науқаны тек қорғаныс істері жөніндегі басқармалармен шектелмейтінін атап өтті. Бұл – мүдделі ұйымдар, түрлі мекемелер мен жергілікті атқарушы органдардың бірлесіп жүзеге асырып жатқан ауқымды әрі кешенді жұмысы.
Айта кетейік, биылғы көктемгі шақыру науқаны аясында Абай облысы бойынша 660 азаматты әскер қатарына шақыру жоспарланып отыр. Жауапты құрылымдар бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруда.
Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметі



