«Study in Kazakhstan» жобасы – Семейде
Шәкәрім университетінде еліміздің талапкерлеріне арналған ауқымды білім беру жобаларының бірі – «Study in Kazakhstan» («Қазақстанда оқы») жоғары білім көрмесі өтті. Үш жылдан бері жүйелі түрде жүзеге асырылып келе жатқан бұл бастама биыл Қазақстанның 14 қаласын қамтып отыр. Жобаның басты мақсаты – талапкерлерге еліміздегі жетекші жоғары оқу орындары мен Қазақстанда ашылған шетелдік университеттер филиалдарының білім беру мүмкіндіктерін жан-жақты таныстыру.
Ауқымды іс-шара аясында қатысушылар білім беру бағдарламалары, мемлекеттік гранттар, қабылдау талаптары мен оқу үдерісінің ерекшеліктері туралы толық әрі нақты ақпарат алуға мүмкіндік алды.
Шәкәрім университетінде өткен бүгінгі көрмеге еліміздің 40-қа жуық жоғары оқу орны қатысуда. Абай облысының мектеп бітіруші түлектеріне арналған бұл маңызды іс-шара талапкерлер үшін үлкен мүмкіндік деуге болады.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев қатысып, еліміздегі жоғары білім беру саласындағы жаңашыл бастамалар туралы кеңінен баяндады.
Сондай-ақ, Руслан Тоқтарбекұлы шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарында білім алуға мемлекет тарапынан гранттар бөлінетінін атап өтті. Бұл – қазақстандық жастардың халықаралық стандарттарға сай тегін білім алуына жасалып отырған үлкен қолдау.
Көрме барысында талапкерлер тек оқу орындарымен танысып қана қоймай, түрлі мотивациялық кездесулер мен пайдалы кеңестерге де куә болды. Атап айтқанда, ҰБТ сарапшысы, химия пәнінен дайындық кітаптарының авторы, «DostyqOnline» жобасының негізін қалаушы Фархат Сұлтабаев «Оқушылардың 95%-ын грантқа түсіретін 3 құпия» тақырыбында тәжірибесімен бөлісті.
Ал педагог-профориентолог Қарлығаш Берекеқызы «Мамандықты жүрекпен таңдау» тақырыбында ой қозғап, түлектерге болашақ мамандықты саналы түрде таңдаудың маңыздылығын түсіндірді. Ол жастарды өз қабілеті мен қызығушылығына сай бағыт таңдауға шақырып, өмірлік шешім қабылдауда жауапкершілік пен ішкі сенімнің рөліне тоқталды.
Жалпы, «StudyinKazakhstan» көрмесі – талапкерлер үшін бағыт-бағдар беретін, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын маңызды алаң екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.





