Абай облысында жаңа кен орны ашылады
Бүгін облыс әкімі Берік Уәли «Aidarly Mining» ЖШС бас директоры Ерғали Батталов бастаған компания өкілдерімен кездесті.
Кездесу барысында Аягөз ауданындағы «Айдарлы» кен орнын игеру жобасы талқыланды. Жоба аясында тау-кен байыту комбинатын салу көзделген. Кен орны ашық тәсілмен игеріліп, жылына 75 млн тонна кен өндіру жоспарланып отыр. Нәтижесінде құрамында мыс мөлшері 23 пайыз болатын 1,1 млн тонна мыс концентраты және 7 500 тонна молибден концентраты алынбақ. Жоба толық іске асқанда 1800-ден астам жұмыс орны ашылады. Жобаның іске асу мерзімі 2030 жылға дейін жоспарланған.
Аймақ басшысы мұндай ауқымды жобаның өңір экономикасы үшін маңызды екенін атап өтті.
Қазіргі уақытта облыс аумағында 2023-2027 жылдарға арналған геологиялық барлау жоспары аясында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде алтын, уран және басқа да пайдалы қазбалардың 64 резервтік кен орны анықталған.




