Облыс әкімі жалпы өңірлік сенбілікке қатысты
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Абай облысында жалпыөңірлік тазалық акциясы жалғасуда.
Өткен аптада Семей қаласында өткен сенбілікке 40 мыңға жуық тұрғын қатысып, қаланың санитарлық тазалығын қамтамасыз етуге үлес қосты. Бүгін де облыс орталығында тазалық шаралары жалғасын табуда.
Жалпыөңірлік сенбілікке мемлекеттік мекемелердің, бюджеттік ұйымдардың, жоғары және орта оқу орындарының, кәсіпкерлік нысандарының өкілдері, қоғамдық ұйымдар мен еріктілер, сондай-ақ, өңір тұрғындары белсенді қатысуда.
Семей қаласында өткен кезекті тазалық шарасына облыс әкімі Берік Уәли әкімдік қызметкерлерімен, облыстық, қалалық мәслихат депутаттары, республикалық партия филиалдары өкілдерімен бірге қатысып, Бейбітшілік аралындағы «Өлімнен де күшті» монументі маңын тазалау жұмыстарына атсалысты.
Сенбілік барысында аймақ басшысы «Өлімнен де күшті» монументіне, тарихи маңызы зор нысанның айналасына назар аударып, Семей қаласының әкіміне аумақты абаттандыру, ретке келтіру жұмыстарын бастауды тапсырды.
Айта кетейік, 3 сәуірде облыс әкімі өңір тұрғындарына арнайы бейнеүндеу жасап, жалпыөңірлік тазалық акциясына белсенді қатысуға шақырған болатын.










