Жылу энергиясы тапшылығы мәселесін шешу жолдары туралы аймақ басшысы Абай облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте айтты.
Аймақ басшысы Нұрлан Ұранхаев атап өткендей, облыстағы жылу желілерінің жалпы ұзындығы 455,2 шақырымды құрайды. Оның 290 шақырымы қайта жөндеуге жатады.
– Орташа тозу деңгейі 63,8 пайызды құрап отыр. Семей қаласында 68 пайыз, Курчатов қаласында 35 пайыз, Жарма ауданында 75 пайыз, Бородулиха ауданында 63 пайыз, Үржар ауданында 30 пайыз және Абай ауданында 25 пайыз жылу желілері тозған. Жағдай өте ауыр, себебі желілер 0,8 МПа гидравликалық сынаққа төтеп бере алмайды, ал қалыпты гидравлика 1,6 МПа. (16 кгс/см2). Сонымен қатар, облыс орталығының дамуын ескере отырып, 2023-2024 жылдары сағатына 118 Гкал жылу энергиясының тапшылығы екі есеге өсетінін атап өткен жөн,- деді аймақ басшысы.
Семей қаласын жылумен жабдықтау мәселелерін шешу үшін 2023-2024 жылдарға арналған облысты дамытудың Кешенді жоспарына жалпы сомасы 150 млрд теңгеден асатын, жылу көздерін қайта жөндеу және желілерді жаңғыртуға бағытталған
30 жоба енгізілген. Оның ішінде жылу көздерін жөндеуге 95,5 млрд теңге, желілерді жаңғыртуға 54,9 млрд теңге қарастырылады.
- Әрине, жылумен жабдықтау саласындағы ең ірі жобалардың бірі қаланың оң жағалауындағы жылу энергиясының тапшылығы мәселесін шешуге мүмкіндік беретін ЖЭО-3 құрылысы болмақ, - деп түйіндеді сөзін Нұрлан Ұранхаев.
Сонымен қатар, Семейдегі ЖЭО-3 құрылысымен қатар Аягөз және Курчатов қалаларында бірыңғай жылу көздерін салу жоспарлануда.
Облыс әкімінің орынбасары Димитрий Гариков атап өткендей, Семей қаласын жылумен қамтамасыз етудегі басты мәселелердің бірі – Семей қаласының оң жағалау бөлігінде 118 Гкал/сағат жылу энергиясының тапшылығы.
– Мәселені шешу үшін Абай облысының әкімдігі инвесторлар есебінен жалпы құны 115 млрд теңгеге жылу көздері мен жылу желілерін қайта жаңғырту бойынша 23 жобаның ЖСҚ әзірленуде. Тапшылықты жабу үшін 2022 жылдан бастап «Ғаббасов» және «Центр» қазандықтары қайта жаңғыртылып, Степной ауылына жылу желісі тартылуда. Осы мақсаттарға биыл Ұлттық қордан 1 148,7 миллион теңге бөлінді. Сондай-ақ, республикалық бюджетті нақтылау кезінде Семей қаласының жылу желілерін қайта жаңғырту бойынша 3 280,0 млн теңгеге 6 жоба қолдау тапты, - деп атап өтті Дмитрий Гариков.