«Ауыл – Ел бесігі»: Абай облысында 224 жоба жүзеге асырылды
Абай облысы құрылған сәттен бастап 2022–2025 жылдар аралығында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында жалпы құны 25,6 млрд теңгені құрайтын 224 жоба іске асырылды. Оның ішінде 14 жаңа нысан салынса, 28 нысанға күрделі жөндеу жүргізіліп, 182 жоба ағымдағы жөндеу және жаңғырту бағытында жүзеге асырылды.
Жоба аясында әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Білім беру саласында Мақаншы ауылында 140 орындық балабақша салынды. Сонымен қатар 14 мектеп пен 1 балабақшаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Спорт саласында Ақсуат және Бородулиха ауылдарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері бой көтерді. Таскескен ауылында спорттық модуль, Көкпекті ауылында бассейн, Петропавловка ауылында спорттық-демалыс орталығы салынды. Ақсуат ауылындағы орталық стадион қайта жаңғыртылып, 11 спорт алаңы орнатылды.
Денсаулық сақтау саласында Қаратұма, Мақаншы және Үржар ауылдарында дәрігерлік амбулаториялар салынды. Бұдан бөлек, 6 денсаулық сақтау нысанына күрделі жөндеу жүргізілді.
Мәдениет саласында Камышенка және Жоғары Егінсу ауылдарында 100 орындық ауылдық клубтар салынды. Приречное ауылындағы мәдениет үйі қайта жаңғыртылып, 5 мәдениет нысаны күрделі жөндеуден өтті.
Әлеуметтік қолдау бағытында Қарауыл ауылындағы арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы қайта жаңартылды. Ақжар ауылындағы осы бағыттағы орталыққа да күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында жалпы ұзындығы 266,4 шақырым жол орташа жөндеуден өтті. 65 елді мекенде көше жарықтандыру жүйесі орнатылды. Қарауыл ауылында 2023 жылы жылумен жабдықтау жүйесіне күрделі жөндеу жүргізілді. Сонымен қатар Бородулиха, Мақаншы, Ақжар және Үржар ауылдарында сыртқы инженерлік желілердің құрылысы аяқталды.
Аталған жобалардың нәтижесінде 4 жыл ішінде 607 жаңа жұмыс орны құрылды. Оның ішінде 70-і тұрақты, 537-сі уақытша жұмыс орындары болып табылады.
Жалпы алғанда, жүргізілген жұмыстар ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын жаңғыртып, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталды.



