Ақсуат ауданының Қызыл кесік ауылында өрт сөндіру бекеті ашылды
Бүгін Ақсуат ауданының Қызыл кесік ауылында жаңа өрт сөндіру бекеті пайдалануға берілді. Салтанатты шараға облыс әкімі Берік Уәли, Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов, төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, сала ардагерлері қатысты.
«Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында ашылған жаңа нысан ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Өрт сөндіру бекетінде 1 өрт сөндіру көлігі, 1 жүргізуші және 2 қызметкер жұмыс істейді.
Бекет 2 тасымалды, 1 стационарлық және 1 мобильді радиостанциямен жабдықталған. Оның қызмет көрсету аймағына Қызыл кесік, Егіндібұлақ және Үштөбе ауылдары, сондай-ақ, 40-тан астам қыстақ (шаруа қожалықтары) кіреді. Жалпы алғанда, 736 тұрғын үй мен 2072 адам қамтылған.
Ауылдық округ аумағында өрт сөндіру қажеттіліктері үшін 35 өрт гидранты қарастырылған. Бекет қарауындағы аумақта дәрігерлік амбулатория, мектеп, балабақша және жергілікті атқарушы органдардың ғимараттары орналасқан.
Аймақ басшысы өрт сөндіру бекетінің ашылуы өңір халқының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды нысан екенін атап өтті.
Шара барысында Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов «НС-ЕРТАЛ» ЖШС директоры Ернар Набиоллаевты азаматтық қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін төсбелгісімен, Ақсуат ауданы №11 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіру автокөліктері жүргізуші-қызметкері Серікжан Әміров министрліктің Грамотасымен марапаттады. Сондай-ақ, Ақсуат ауданы №11 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы Нұрболат Ербаев пен Қызыл кесік ауылдық округінің әкімі Әділбек Қабдоловқа облыс әкімінің алғыс хаты табысталды.Шара аясында өрт сөндіру бекеті аумағына ағаш көшеттері отырғызылды.
Жалпы облыс бойынша 326 елді мекен бар. Оның ішінде 90-ы мемлекеттік өртке қарсы қызметтің, ал 170-і «Ауыл құтқарушылары» бекеттерінің қорғауында. Қазіргі таңда өңірде аталған бағдарлама аясында 75 бекет жұмыс істейді. Биыл жыл соңына дейін қосымша 12 бекет ашу жоспарланып отыр.










