Тоқаевтың ұстанымы – тұрақтылық пен дипломатияны қолдаудың айқын көрінісі
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Таяу Шығыстағы шиеленіске қатысты байыпты әрі принципті ұстаным білдіріп отыр. Иран аумағынан Біріккен Араб Әмірліктері бағытында жасалған шабуыл әрекеттерін айыптауы – халықаралық құқық нормаларына және бейбітшілік қағидаттарына адалдықтың көрінісі.
Мемлекет басшысының мәлімдемесі ең алдымен бейбіт тұрғындардың қауіпсіздігін басты құндылық ретінде қоятынын аңғартады. Қарулы қақтығыстар кезінде ең үлкен зардапты қарапайым халық шегетіні белгілі. Сондықтан мұндай әрекеттерге нақты саяси баға беру – тек дипломатиялық қадам ғана емес, гуманистік ұстаным.
Сонымен қатар Президенттің «мұндай әрекеттерді еш ақтауға болмайды» деген пікірі халықаралық қауымдастыққа бағытталған маңызды сигнал деуге болады. Бұл Қазақстанның тек өңірлік емес, жаһандық қауіпсіздік мәселелеріне де бейжай қарамайтынын көрсетеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, қазіргі жағдайда ең тиімді әрі өркениетті жол – дипломатиялық келіссөздер. Бұл ұстаным Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатына және бітімгерлік миссиялардағы тәжірибесіне толық сай келеді. Еліміз бұған дейін де түрлі халықаралық келіссөз алаңдарын ұсыну арқылы бейбіт диалог мәдениетін нығайтуға үлес қосып келеді.
Жалпы алғанда, Президенттің бұл мәлімдемесі Қазақстанның бейбітшілік пен тұрақтылықты қолдайтын жауапты мемлекет ретіндегі имиджін күшейте түседі. Мұндай ұстаным қазіргі күрделі геосаяси жағдайда аса маңызды және уақтылы айтылған пікір деп бағалауға болады.