Аягөз ауданында 31 отбасыға пәтер кілті табысталды
Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Аягөз ауданына барды. Аймақ басшысы әуелі аудан орталығында баспана кілттерін табыстау рәсіміне қатысты.
5 қабатты, 60 пәтерлі тұрғын үй «Отбасы банк» акционерлік қоғамы арқылы «Тұрғын үй жағдайларын жақсартуға бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары» бағдарламасы аясында кезекте тұрған көп балалы отбасыларға, жетім балаларға, 1 және 2 топтағы мүгедектерге, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлеріне бөлу үшін берілді. Аталған тұрғын үйден 31 отбасыға пәтер кілті салтанатты түрде табысталды.
Облыс әкімі баспаналы болған тұрғындарды қуаныштарымен құттықтады.
Облыс әкімі аталған үйдің ауласына ағаш көшеттерін отырғызу рәсіміне де қатысты.
Баспаналы болған тұрғындар ризашылықтарын жеткізді.
Шара барысында аймақ басшысы Аягөз ауданын дамыту бағытындағы жұмыстарға, жаңа жобаларға тоқталды.
Былтыр Аягөз қаласының «Орталық» қазандығында әрқайсының қуаты 10 Гкал/сағат болатын үш қазандық орнатылды. 3,9 шақырым жылу желісі ауысып, жылу мәселесі толық шешілді.
Аудандағы жолдарды жөндеуге 2,1 млрд теңге бағытталды. Оның ішінде «Ақшәулі-Мыңбұлақ-Нарын-Шынқожа» жолының 15 шақырымы, Аягөз қаласының 10 көшесі; Айғыз, Дөненбай, Тарбағатай, Баршатас ауылдарының көшелері жөндеуден өтті.
Облыс бойынша 9 мектеп жөнделді, оның ішінде Аягөз қаласының Бозтаев атындағы мектеп-гимназиясы мен №7 орта мектебі, Тарлаулы ауылының Қадыржанов атындағы орта мектебі де бар.
Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасын табады. Қазіргі таңда Аягөз ауданында инфрақұрылымды дамыту, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту бағытында бірқатар нақты жобалар жүзеге асырылуда.
Аягөз қаласының бірқатар көшелерінде орташа және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жол сапасы жақсартылуда. Ауданға қарасты ауылдық округтерде де ауқымды жобалар қолға алынған. Мәселен, Ақшәулі ауылдық округінде елді мекенді ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында су құбырын тарту және жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бұл жоба ауыл тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтуға мүмкіндік береді.
Аягөз қаласында қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру бағытында бірқатар жобалар жүзеге асырылады. Қабанбай батыр көшесінде орналасқан аллея абаттандырылады. Аягөз қаласының орталық алаңын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Қосағаш пен Тарлаулы ауылдық округтерінің ішкі жолдарын жөндеуге облыстық бюджеттен қаржы бөлінді.










