Семейде 50 отбасы баспаналы болды
Бүгін Семей қаласында осал топтағы азаматтарға, жетім балаларға және көпбалалы отбасыларға пәтер кілттері салтанатты түрде табысталды. Шараға облыс әкімі Берік Уәли, «Отбасы банк» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова қатысты.
Тұрғындарды баспанамен қамту - мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстардың нәтижесінде 2025 жылы облыс орталығында барлығы 327 жалға берілетін пәтер сатып алынды. Соның ішінде Құнанбай көшесінде орналасқан «Абай елі» заманауи тұрғын үй кешені «Отбасы банк» АҚ арқылы кезекте тұрған азаматтарға бөлу үшін берілді.
Аймақ басшысы жаңа қоныс иелерін қуанышты мезетпен құттықтап, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірде тұрғындарды баспанамен қамту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.
«Абай Елі» заманауи тұрғын үй кешені 14 қабаттан, 219 пәтерден тұрады. Кешеннің басты ерекшелігі – әрбір үйдің өзіндік атауы мен мазмұндық мәні бар. Яғни, тұрғын үйлер қазақтың ұлы тұлғаларының есімімен аталған. Мәселен, кешендегі үйлерге Абай, Шәкәрім, Мұхтар сияқты қазақ руханиятының көрнекті өкілдерінің есімдері берілген.
«Отбасы банк» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова баспаналы болған тұрғындарды құттықтады.
Баспаналы болған тұрғындар ризашылықтарын жеткізді.
Былтыр Семейдегі Қарағайлы ықшам ауданында 16 мың шаршы метрді құрайтын 3 тұрғын үй пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін ауданы 11 мың шаршы метр болатын 2 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 360 жалдамалы пәтер сатып алынып, «Отбасы банк» арқылы берілетін болады. Сонымен қатар «Абай жастары» бағдарламасы аясында 40 пәтер берілмек.










