Семейде бүгін 26 жанұя қоныс тойын тойлап жатыр
Бүгін Семей қаласында әлеуметтік осал топтағы азаматтарға және жетім балаларға пәтер кілттері салтанатты түрде табысталды. Шараға облыс әкімі Берік Уәли қатысты.
Тұрғындарды баспанамен қамту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстардың нәтижесінде 2025 жылы облыс орталығында барлығы 327 жалға берілетін пәтер сатып алынды. Соның ішінде Ұшақтар кентінде орналасқан 5 қабатты, 60 пәтерлі тұрғын үй «Отбасы банк» АҚ арқылы кезекте тұрған азаматтарға бөлу үшін берілді.
Аймақ басшысы жаңа қоныс иелерін қуанышты мезетпен құттықтап, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірде тұрғындарды баспанамен қамту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Баспаналы болған тұрғындар ризашылықтарын жеткізді.
Облыс әкімі Семей қаласын абаттандыру жұмысы жалғасатынын, биыл 75 көшеге асфальт төселіп, 100-ге жуық ауланың жаңғыртылатынын айтты. Айта кетейік, былтыр 52 көше асфальтталып, 35 аула абаттандырылған болатын.
Ұшақтар кентінің дамуына да ерекше көңіл бөлінеді. Қазіргі уақытта жаңа саябақ пен спорттық сауықтыру кешені салынып жатыр. Екі ғимараттан тұратын спорт нысаны – «Самұрық қазына» әл ауқат қоры мен облыс әкімдігінің бірлескен жобасы.
Өткен жылы Қарағайлы ықшам ауданында 27 мың шаршы метрді құрайтын 5 тұрғын үй пайдалануға берілді. Биыл «Абай жастары» бағдарламасы аясында 30 пәтер берілмек.










