Шәкәрім Құдайбердіұлының 165 жылдығына 165 түп көшет отырғызылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға дейін 2 млрд ағаш егілсін деген үлкен бастама көтерген болатын. Қазақтың «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген ұлағатты мұрасының маңызын ұғындыру, туған елге қызмет ету, орманды қадірлеу – бүгінгі саналы ұрпақтың басты міндеті.
Бүгін Шәкәрім университетінде Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің бастамасын қолдау мақсатында ғұлама философ Шәкәрім Құдайбердіұлының 165 жылдық мерейтойы аясында 165 түп көшет отырғызу акциясы өтті.
Біз табиғаттың өзін қайта түлететін ұрпақпыз. Әрбір ағашты, әрбір бұлақты сақтау, қамқор болу біздің басты міндетіміз деген ұранмен бастау алған акцияға университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы, құрылымдық бөлім қызметкерлері және білім алушылар қатысты. Сонымен қатар, Шәкәрім жоғары колледжінің ұйытқысымен университет аумағын жасыл желекке айналдыру мақсатында 10000-нан астам түрлі бір жылдық гүлдер отырғызылды.