Абай облысында тұрғын үй және әлеуметтік нысандардың құрылысы қарқынды жүргізілуде
Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен кеңейтілген аппараттық кеңес өтті. Жиында тұрғын үй және әлеуметтік нысандардағы құрылыс-монтаж жұмыстары мен жобалық-сметалық құжаттамаларды дайындау және өңірдің қала құрылысы жобаларының әзірлену барысы талқыланды.
Кеңеске облыстық басқарма басшылары, өңірлік департамент жетекшілері қатысты. Аудан және қала әкімдері бейнережим арқылы қосылды.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша құрылыс басқармасының басшысы Серік Тілемесов пен сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Әнуар Бейсенов баяндады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құрылыс сапасы мен инфрақұрылымды нығайту мәселесіне ерекше назар аударып келеді. Осыған байланысты өңірде құрылыс сапасын арттыру, тұрғын үй көлемін ұлғайту және әлеуметтік нысандарды уақтылы пайдалануға беру бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде.
2025 жылдың қорытындысы бойынша облыста 337,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, нақты көлем индексі 105,8%-ды құрады. Ал 2026 жылдың қаңтар-сәуір айларында 42,6 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырылды. Қазіргі таңда Семей қаласының Қарағайлы ықшам ауданында 13 несиелік тұрғын үйдің құрылысы аяқталу сатысында. Сонымен қатар, 342 пәтерлік 4 жаңа тұрғын үйдің құрылысы басталды. Жобаларды инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және құрылыс қарқынын күшейту бойынша тиісті жұмыс жүргізілуде. Сонымен қатар, Семей қаласында жеке инвесторлар есебінен 18 коммерциялық тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде, оның ішінде 15 тұрғын үйді биыл пайдалануға беру жоспарланған.
Бүгінде облыста 22 әлеуметтік нысанның құрылысы жалғасуда. Оның ішінде білім, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет және әлеуметтік қамсыздандыру салаларындағы маңызды жобалар бар. Атап айтқанда, Абай ауданы Қарашоқы шатқалындағы балалар лагері, Семей қаласындағы №4 және №30 мектептерге жапсаржай құрылысы, Үржар ауданындағы коронарлық араласу орталығы, Аягөз аудандық ауруханасы жанындағы МРТ ғимараты, Курчатов қаласындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Бесқарағай ауданындағы жүзу бассейні, сондай-ақ, бірқатар мәдениет үйлері мен әлеуметтік нысандардың құрылысы жүргізілуде.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес биыл жоғары дайындық деңгейіндегі әлеуметтік нысандарды пайдалануға беру жоспарлануда. Сонымен қатар, облыста жобалау жұмыстары да белсенді жүргізілуде. Абай облысы құрылғаннан бері 141 жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, оның 68 жобасы іске асырылды.
Президенттің бастамасымен қолға алынған «Абайға құрмет» республикалық акциясы аясында маңызды жобалар қолға алынуда. Қазіргі таңда мәдени, спорттық және әлеуметтік бағыттағы 12 ірі жоба әзірленуде.
Аймақ басшысы құрылыс басқармасына «Абайға құрмет» акциясы аясындағы жобаларды сапалы әрі уақтылы іске асыруды, мерзімі созылған нысандар бойынша бақылауды күшейтуді және тұрғын үй мен құрылыс-монтаж жұмыстары бойынша жылдық жоспардың орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Жиында Семей, Аягөз, Курчатов және Шар қалалары, Алакөл жағалауы мен Бақты ауылының бас жоспарына түзету енгізу жұмыстары туралы ақпарат берілді. Облыс әкімі қала құрылысы құжаттамасы өңірді дамытудың негізгі тетіктерінің бірі екенін атап өтіп, бас жоспар елді мекендерді кешенді дамытуға, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды ұтымды орналастыруға, сондай-ақ, тұрғын үй құрылысы мен инвестициялық бастамаларды тиімді іске асыруға мүмкіндік беретінін айтты. Құжаттамаларды уақтылы және сапалы әзірлеу жоспарланған жобалардың нәтижелі орындалуына, құрылыс саласындағы жұмыстардың үйлесімді жүргізілуіне және өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға тікелей ықпал ететініне тоқталып, бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруды тапсырды.










