Аягөз ауданында «Жас техниктер станциясы» ашылды
Бүгін Аягөз ауданында алғаш рет «Қазақстан халқына» қорының «JASAMPAZ URPAQ» жобасы аясында ұйымдастырылған «Digital Urpaq: Ayagoz 2026» ауқымды технологиялық және шығармашылық іс-шарасы барысында жаңартылған «Жас техниктер станциясы» пайдалануға берілді. Салтанатты шараға облыс әкімі Берік Уәли, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының Басқарма төрайымы Ләззат Шыңғысбаева қатысты.
Жоба аясында 13 үйірме жұмыс істейді. Оның ішінде робототехника, автомодельдеу, авиамодельдеу, алғашқы техникалық үлгілеу, сәндік-қолданбалы өнер, тігін ісі және спорт туризмі бағыттары жаңғыртылып отыр. Сонымен қатар, заман талабына сай 8 жаңа үйірме ашылады. Атап айтқанда, 3D-модельдеу және басып шығару, зымыран жасау және ұшқышсыз ұшу аппараттары, фото және бейнемонтаж, вокал және дыбыс жазу, техникалық шығармашылық, қыш өнері және цифрлық технологиялар. Бұл бағыттар балалардың тың идеяларын жүзеге асыруға жол ашады.
Жобаның негізгі мақсаты балалар мен жасөспірімдердің инженерлік, цифрлық және шығармашылық құзыреттерін дамыту. Ауыл және аудан мектеп оқушыларына заманауи технологияларды меңгеруге мүмкіндік беру арқылы олардың кәсіби әлеуетін ашу және болашақтың сұранысқа ие мамандықтарына даярлау көзделген.
Ашылу рәсімінде құттықтау сөз сөйлеген аймақ басшысы жаңа орталықтың ауыл балалары үшін зор мүмкіндік екенін атап өтті.
«Қазақстан халқына» қоғамдық қорының Басқарма төрайымы Ләззат Шыңғысбаева жаңа нысанның ашылуымен құттықтады.
Ашылу салтанатынан кейін облыс әкімі «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының Басқарма төрайымымен бірге мекеме ішіндегі кабинеттерді аралап, оқушылармен, ұстаздармен пікірлесті.
«Jasampaz Urpaq» жобасы Абай облысында 2025 жылдан бері пилоттық режимде жүзеге асырылып келеді. Жоба аясында Аягөз, Жаңасемей, Мақаншы және Бесқарағай аудандарындағы қосымша білім беру ұйымдары толық жаңғыртылып, заманауи технологиялық жабдықтармен қамтамасыз етілді. Нәтижесінде ауылдық жерлердегі балалар мен жасөспірімдер үшін озық білім беру ресурстарына қолжетімді орта қалыптасты.
Қазіргі таңда үйірмелерге 216 оқушы қатысады. Жаңа бағыттар іске қосылғаннан кейін тағы 212 бала үйірмелерге қатысуға мүмкіндік алып, 428 оқушы бір мезгілде білім алмақ.










