Мемлекеттік қызметті дамытудың негізгі тетігі – меритократия
Мемлекеттік қызмет – елдің басқару жүйесінің тиімділігін қамтамасыз етіп, қоғамның тұрақты дамуына негіз болатын басты институт. Бұл саланың нәтижелілігі білікті мамандардың кәсіби деңгейі мен жауапкершілігіне тікелей байланысты. Осы орайда меритократия қағидаты мемлекеттік қызметке іріктеудің негізгі тетігі ретінде маңызды рөл атқарады. Қызметке қабылдау мен лауазымдық өсу тек еңбек нәтижесі мен кәсіби қабілетке сүйенеді.
Мұндай тәсіл басқару сапасын арттырып, мемлекеттік аппараттың тиімділігін күшейтеді әрі өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал етеді.
Бұл ұғым латын тілінен шыққан және «еңбек сіңіру», «қабілет», «жарамдылық» және «құндылық» деген мағыналарды білдіреді. Осы қағидаға сәйкес, адамның кәсіби табысы мен жетістігі оның жеке еңбегі мен қабілетінің нәтижесі ретінде бағаланады.
Мемлекеттік қызметте бұл қағида меритократия жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Қызметке тағайындау тек кәсіби қабілет пен еңбек нәтижесіне негізделеді, ал ішкі конкурс, ауысу және бағалау тетіктері арқылы қызметшілердің біліктілігі мен жетістіктері ескеріледі. Бұл тәсіл білікті кадрларды тартуға мүмкіндік беріп, кадрлық шешімдердің объективтілігі мен әділдігін қамтамасыз етеді.
2026 жылы 1 тоқсан қорытындысы Абай облысының жергілікті атқарушы органдарында меритократия қағидаты бойынша 48 мемлекеттік қызметші тағайындалды.
Оның ішінде ішкі конкурстар нәтижесінде 25 мемлекеттік қызметші жоғары лауазымға тағайындалды (облыс орталығында – 13, аудандық деңгейде – 10, ауылдық деңгейде – 2 қызметкер).
Мемлекеттік қызметшілердің жұмысы тоқсан сайын бағаланып, жыл соңында қорытынды бағалау шығарылады. Бұл жүйе қызметкерлердің қызметтік міндеттерін орындау деңгейін объективті түрде анықтауға мүмкіндік береді. Бағалау нәтижелері қызметкерлерге бонустар беру, көтермелеу, оқыту, ротациялау, лауазымын жоғарылату немесе қызметтен шығару сияқты шешімдер қабылдауға негіз болады.
Бағалау қорытындысы бойынша мемлекеттік қызметшілер 4 тоқсан бойы тиімді қызмет атқарған жағдайда жоғары лауазымға тағайындалуға мүмкіндік алады. Бағалау нәтижелері бойынша 21 қызметкер мансаптық өсу мүмкіндігін пайдаланып, жоғары лауазымдарға тағайындалды. Олардың қатарында облыс әкімі аппаратының 4 құрылымдық бөлімше басшысы, облыстық басқармалардың 7 бөлім басшысы, аудан әкімінің орынбасары, сондай-ақ аудандық деңгейдегі өзге де орта буын басшылары бар.
Сонымен қатар, мемлекеттік органдар ішіндегі ауысу тәртібі бойынша қызметшілердің жеке қасиеттері мен кәсіби жетістіктеріне сүйене отырып, кемінде екі жыл бойы атқарып отырған лауазымынан жоғары лауазымға көтерілу мүмкіндігі қарастырылған. Мемлекеттік қызметшінің өзіне жүктелген міндеттерді тиімді әрі сапалы орындауы айрықша рөл атқарады. Осы тәртіппен 2 қызметкер өз лауазымынан бір деңгейге жоғарылады.
Аталған тағайындау, Мемлекеттік қызметшіге оның қызметтік әдеп нормаларын бұзғаны не мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік терiс қылық жасағаны үшін алынбаған тәртiптiк жазасы болған кезде ауысу тәртiбiмен, сондай-ақ конкурстардың қорытындылары бойынша мемлекеттік лауазымға орналасуына жол берiлмейдi.
Меритократия қағидаты мемлекеттік қызметтің кәсібилігін күшейтіп, оның нәтижелілігін арттыруға мүмкіндік береді. Аталған қағида әрбір азаматқа тең құқық беріп, мемлекеттік қызметке жоғары білімі мен қабілеті бар мамандарды іріктеуге жағдай жасайды.
Мемлекеттік қызмет саласындағы меритократия басқару жүйесінің тиімділігін арттырып, көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға және азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтуға әсер етеді.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті