Абай облысында оқу жылының аяқталуы мен балалар қауіпсіздігі мәселелері талқыланды
Бүгін аймақ басшысы Берік Уәлидің төрағалығымен әкімдік отырысы өтті. Жиында 2025-2026 оқу жылын аяқтау және жазғы демалыс кезінде балалардың сауықтыру демалысын ұйымдастыру, суға шомылу маусымы кезеңінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге дайындық шаралары, 2026 жылға арналған жазғы сауықтыру маусымына жаппай демалыс, туризм және спорт орындарын дайындау мәселелері қаралды. Отырысқа облыстық басқарма басшылары, аудан және қала әкімдері қатысты.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша облыстық білім басқармасының басшысы Бауыржан Ердембеков, Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Жамбыл Жабаев, туризм басқармасының басшысы Бекжан Бапышев, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұржан Ноғайбаев баяндады.
Абай облысында 314 мектепте оқу жылын 100 590 оқушы бастап, 100 649 оқушы аяқтайды. Оның ішінде 15 304 оқушы – 9 және 11 сынып түлектері. Облыс бойынша білім сапасы 66,4 пайызды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 2 пайызға артты.
Оқу сабақтары 25 мамырда аяқталады. Осыған орай барлық мектептерде «Білімім – Отаныма!» атты республикалық сынып сағаты өткізіледі. 5-8 және 10-сынып оқушылары үшін емтихандар 26-30 мамыр аралығында ұйымдастырылады. 9-сыныптың қорытынды емтихандары 29 мамыр мен 11 маусым аралығында, ал 11-сыныптың мемлекеттік емтихандары 2-15 маусым күндері өтеді. Аттестат тапсыру рәсімі 16-18 маусым аралығында мектеп қабырғасында өткізіледі. Ұлттық бірыңғай тестілеу 10 мамыр мен 10 шілде аралығында электронды форматта өтеді. Биыл 6 065 түлектің 5 651-і немесе 93 пайызы ҰБТ тапсырады.
Жазғы кезеңде облыста 10 маусымдық сауықтыру орталығы жұмыс істейді. Оның 8-і мемлекеттік, 2-еуі жекеменшік. Жалпы бір ауысымдағы сыйымдылығы 933 орынды құрайды. Әлеуметтік осал санаттағы 4 967 баланы тегін демалыспен қамту жоспарланған.
Сонымен қатар танымдық және белсенді демалыс аясында 329 балалар демалыс орталығының жұмысы жоспарлануда. Жазғы кезеңде шығармашылық, спорттық, туристік, әскери-патриоттық бағыттағы үйірмелер мен іс-шаралар ұйымдастырылады. Жалпы 94 мың бала немесе облыстағы балалардың 99,1 пайызы жазғы демалыс және сауықтыру шараларымен қамтылады.
Қазіргі уақытта барлық сауықтыру орталықтарында жөндеу және дайындық жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде лагерьлерде 145 бейнебақылау камерасы орнатылып, күзет қызметі ұйымдастырылған. Облыстағы сауықтыру орталықтарының бір бөлігі ескі ғимараттарда орналасқандықтан, алдағы уақытта мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жаңа лагерьлер салу, жыл бойы жұмыс істейтін орталықтар ашу және заманауи модульдік технологияларды пайдалану жоспарланып отыр.
Облыс әкімі соңғы қоңырау мен емтихан кезінде қауіпсіздікті күшейтуді, балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруды, лагерьлердегі өрт және су қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, сондай-ақ түнгі рейдтер мен медициналық-санитарлық бақылауды күшейтуді тапсырды.










