Семейде Отан қорғаушылар күніне орай үлкен концерт өтті
Семейліктер бүгін Отан қорғаушылар күнін жоғары деңгейде атап өтті. Бүгінгі бағдарламада әскери оркестрдің қойылымдары ғана емес, сонымен қатар музыкалық және би нөмірлері де болды.
Мерекелік концерт Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевтың құттықтау сөзімен басталды.
Сонымен қатар, аймақ басшысы әскери қызметшілерді қызмет өткеру кезінде көрсеткен жоғары нәтижелері үшін алғыс хаттармен марапаттады. Оларға «Шығыс» өңірлік қолбасшысының орынбасары – Асқар Жұмабайұлы, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының басқарма бастығы - Дәурен Мұратұлы, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының бағыт аға офицерлері – Асыл Отанұлы мен Қайрат Қабдығалиұлы және 54777 әскер бөлімінің командирі – Қанат Құралұлы ие болды.
Марапаттау рәсімінен кейін Семей қаласының орталық алаңында орналасқан сахнада отандық эстрада жұлдызы Мәдина Сәдуақасова, театр және облыстық филармония, қалалық мәдениет сарайының әртістері, музыкалық және би ұжымдары өнер көрсетті. Әскери қызметшілер де өз шығармашылықтарын ортаға салды.